«Оған заңды негіз бар»: Депутат Мұрат Әбенов заңгер Әділетхан Молдаханды ұстауға не себеп болғанын айтты

01.04.2026 12:36 Арман Ермеков
«Оған заңды негіз бар»: Депутат Мұрат Әбенов заңгер Әділетхан Молдаханды ұстауға не себеп болғанын айтты
344
Коллаж Politico.kz

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қамауға алынған блогер әрі заңгер Әділетхан Молдаханның ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутат Kursiv Media тілшісіне берген пікірінде Ішкі істер министрлігінен алған мәліметіне сүйеніп, заңгерге қатысты бірнеше мәселе бойынша сұрақтар туындағанын жеткізді.

«Мен ІІМ-нен білдім, оған заңды негіз бар. Біз құзырлы органдардың жұмысына араласа алмаймыз, бірақ мендегі бар ақпаратқа сенсем, оған бірнеше мәселе бойынша сұрақ туындаған. Барлық шара заңды негізде жүріп жатыр. Прокуратура мен ІІМ қажет болған кезде барлық ақпаратты айтады», – деді ол.

Бұған дейін Мұрат Әбенов Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы бірнеше мәлімдеме жасаған еді. Ол апатқа кінәлі жүргізушінің жанында полиция қызметкерлері болғанын айтып, мұны заңсыздық деп бағалаған. Сол кезде бұған дәлел болатын видеоларды Әділетханнан алғанын мәлімдеген болатын.

Алайда бұл жолы депутат тілшінің сұрағына жауап бере отырып, басқаша нұсқа айтты.

«Мен жан-жақтан алдым, ең бірінші ағайын-туыстарынан алдым, сол ақпарат негіз болды», – деді ол апат жайлы видеоларды Әділетханнан алдыңыз ба деген сұраққа.

Сондай-ақ ол Әділетхан Молдаханды бұрыннан танымайтынын, одан тек апат болған күні ғана ақпарат алғанын ескерте кетті.

Еске сала кетсек, 21 наурызда Алматыда Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, 3 адамның өмірін қиған жол апаты болған еді. Осы оқиғадан кейін жәбірленуші тараптың мүддесін қорғауға кіріскен заңгер Әділетхан Молдахан мен адвокаттар Олег Чернов пен Мейірман Шекеев топтасқан болатын.

Алайда заңгерлердің басы біріккеніне бір тәулік өтпей жатып, Әділетхан Молдахан «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен ұсталды.

Бұрын істі болғаны анықталған заңгерге қатысты сот шешімі шығып, ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Әділетхан бұл апатқа қатысты бірқатар деректерді жариялағаннан кейін, қала басшылығы жол қауіпсіздігіне байланысты қатаң тапсырмалар берген еді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий