«Қанға тұншығып көз жұмды»: Астанада 13 жастағы баланың өліміне қатысты дау күшейді

20.03.2026 10:33 Мөлдір Талғат
«Қанға тұншығып көз жұмды»: Астанада 13 жастағы баланың өліміне қатысты дау күшейді
234
Фото: ашық дереккөз

Астанада 13 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша анестезиолог дәрігер сотталуда. Қайғылы оқиға екі жыл бұрын мұрыннан полип алу операциясы кезінде болған. Сол уақыттан бері баланың ата-анасы әділдікке қол жеткізуге тырысып келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Айыптау нұсқасына сәйкес, дәрігер операция кезінде эндотрахеалдық түтікті дұрыс орнатпаған. Соның салдарынан ауа жетіспеушілігі мен өкпеге қан кету болып, бала көз жұмған.

Марқұмның анасы Алия Әбілдинова ұлының дені сау болғанын айтады. Оның сөзінше, бала бес жасынан спортпен айналысқан, ауруханаға жатқызылар алдында толық тексерістен өткен, барлық анализдері қалыпты болған. Дәрігерлер де оны операцияға жарамды деп таныған.

Сот процесі барысында ата-анасы тәуелсіз сараптамалар жасатқан. Олардың қорытындысы бойынша, баланың өлімі дәрігердің кәсіби қателігімен байланысты.

Прокурор сотта айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартуды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы дәрігерге 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрағанымен, амнистияға ілігуі мүмкін екенін де атап өтті.

Ал дәрігер өз кінәсін мойындамайды. Оның адвокаты Ерлан Ғазымжанов жасөспірімнің өлімі қатерлі гипертермия деп аталатын сирек аурудан болғанын айтады. Бұл дерт кезінде ағза наркозға күрт реакция береді.

Қорғаушы алғашқы сараптама кезінде бұл диагноз ескерілмегенін, маңызды зерттеулер жүргізілмегенін алға тартты. Оның айтуынша, бұл ауруды нақтылау үшін бұлшықет тінін арнайы тексеру қажет болған.
Сондай-ақ адвокат Қазақстанда бұл дертке қарсы арнайы дәрі тіркелмегенін айтып, дәрігерлердің баланы құтқару мүмкіндігі болмағанын жеткізді.

Бастапқыда бұл қылмыстық іс жабылған, алайда қоғамдағы резонанстан кейін қайта қозғалған. Қазір сот процесі соңғы кезеңіне жетіп, жақын арада үкім шығарылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий