Ақтауда бала өлімінен кейін балалар хирургі ұсталды

03.10.2026 • 11:18 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтауда бала өлімінен кейін балалар хирургі ұсталды
301
Ашық дереккөз

Ақтауда кәмелетке толмаған науқастың өлімінен кейін облыстық балалар ауруханасының хирургі ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Дәрігерге кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген күдік келтіріліп отыр.

Полиция мәліметінше, балаға медициналық көмек көрсету барысында ұйымдастырушылық-тактикалық және емдеу-диагностикалық қателіктер жіберілген. Кейін науқас шұғыл түрде Алматыға ауыстырылғанымен, сол жерде көз жұмған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысында емдеу барысында бірқатар кемшілік болғаны және олардың асқынулардың туындауына ықпал етуі мүмкін екені көрсетілген.

Осыған байланысты хирург Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ал Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Үміт Ильясова әлеуметтік желіде әріптесін қолдап, дәрігерді ұстауға негіз болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол адвокатқа алдын ала хабар берілмегенін айтып, болған жағдайды «құқықтық бассыздық» деп бағалады.

Іс бойынша дәрігердің кінәлі немесе кінәсіз екені тергеу мен сот қорытындысы бойынша анықталады.

Войдите, чтобы оставить комментарий