Қаржылық мониторинг агенттігі танымал блогерге халықаралық іздеу жариялады 

10.08.2026 09:50 Әсел МҰРАТ
Қаржылық мониторинг агенттігі танымал блогерге халықаралық іздеу жариялады 
160
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, 2000 жылы 19 ақпанда туған, «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот оны қамауда ұстауға санкция берді.

Ол «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді.

Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған.

Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялату міндеті жүктелген.

Осы мақсатта М. Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ жарияланымдарының қанша адамды қамтитыны туралы мәліметтерді сұратқан. Жарнама ақысы осы деректерге қарай белгіленген.

Ол барлығы 35-тен астам блогерді, оның ішінде блогер Қайсар Қамзаны тартқан.

Аудиториясы ауқымды Қайсар Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға әдейі тартқан. Ол пайдаланушылардың әрбір өтуі үшін сыйақы алып отырған.

 Еске салайық, Қайсар Қамза 6 тамызда Вьетнам Социалистік Республикасынан экстрадицияланды.

Іздеудегі адамның қайда жүргені туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 — кезекші бөлім.

Сыйақы төленетініне және хабар берген адамның аты-жөні құпия сақталатынына кепілдік беріледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий