“Қатыгездікпен өлтіріп, суға лақтырып тастаған”: Алматыда жоғалған Ерзат Егізбай өлі табылды

24.05.2026 10:18 Қарақат АСЫЛОВА
“Қатыгездікпен өлтіріп, суға лақтырып тастаған”: Алматыда жоғалған Ерзат Егізбай өлі табылды
327
Ашық дереккөз
Бірнеше күн бұрын жоғалған алматылықтың мәйіті судан табылды

Алматыда бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалған Ерзат Егізбай өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Alash.kz-ке сілтемемен.

Марқұмның денесін Космос ауылы маңындағы су айдынынан жергілікті балықшылар байқап, бұл туралы бірден полицияға хабар берген. Қайғылы оқиға жайлы ақпаратты оның туыстары растады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жас жігіттің өлімі қылмыстық сипатта болуы мүмкін. Туыстары оның зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, қылмыс ізін жасыру үшін мәйіт суға тасталды деген күдік барын жеткізді.

Жақындарының сөзінше, Ерзат жоғалған күннен бастап оны іздеуге отбасы мен таныстары белсенді кіріскен. Олар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өздері қарап, оның соңғы жүрген бағытын анықтауға тырысқан.

Сондай-ақ марқұмның туыстары іздеу жұмыстары кезінде құқық қорғау органдары тарапынан жедел әрекет жеткіліксіз болғанын айтып отыр.

Қазір аталған дерек бойынша сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары басталды. Марқұмның отбасы кінәлілердің заң алдында қатаң жауапқа тартылуын талап етуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий