Қазақ тіліне қарсы шыққандар аяқ астынан тіл жайлы «ақыл» айтқыштарға айналыпты – депутат
Депутат Қазыбек Иса Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқыланған мәжіліс отырысында қазақ тілі туралы айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
«Осы парламентте қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ. Парламентте Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау жайлы депутаттық сауал жасағанымда бір ауыз қолдау жасай алмай, қайта қазақ тіліне қарсы шыққандар қазір аяқ астынан тіл жайлы “ақыл” айтқыштарға айналыпты...Қазір парламент 90 пайыз қазақша сөйлейді, құдайға шүкір. Өзге этнос өкілдері, әріптестеріміз де бізбен жарысып, мемлекеттік тілде сөйлеп отыр», - деді ол.
Депутат бұл ретте «Ақ жол» партиясы маңызды мәселелер көтергенін атап өтті.
«2024 жылы талай көтеріп жүріп, Заңға «Қазақстан Азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек» деген бапты енгіздік. Бұл елімізге сырттан емін-еркін ешкім кіре бермейді деген сөз. Мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білу керек, тест тапсырылады! Осы тестті қайта қарап, толықтыру қажет. Яғни, «Ақ жол» партиясы көтерген маңызды мәселелер ерте ме, кеш пе, іске асып келеді. Біз бұндай жақсы үдерістерге қарап отырып, көп мәселе өзімізге де байланысты екеніне көз жеткіздік. Менің Парламентте Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіруді бірнеше рет ұсынғанымды жақсы білесіздер. Бұл маңызды мәселе - Мемлекеттік тіл заңнамасын жетілдіру қажет екенін тағы да қайталап айтамын», - деді депутат.
Қазыбек Иса тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналғанын айтты. Сол себепті бұл мәселеге байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керегін атап өтті.
«Қазіргі геосаяси ахуалдың күрделігі сондай: тіл мәселесі қауіпсіздік факторына айналды. Бүгінгі әлемде ол ішкі саясаттан шығып, геосаяси құрал мен ықпал болып тұр. Сондықтан, өкінішке орай тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ. Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда.Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, Тәуелсіздікті сақтап қалу да сондай қиын дейді данышпандар. Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. Мемлекеттік тіліміз ұлтымызды ұйыстыратын мәртебесі айқын тілге айналуы қажет», - деді ол.
Соңғы жаңалықтар