«Қазақмыс» 2060 жылға дейінгі тау-кен кешенін дамыту стратегиясын талқылады
«Қазақмыс» корпорациясы басшылығы алдағы онжылдықтарға арналған жұмыс бағытын талқылап, 2060 жылға дейінгі тау-кен байыту саласын дамыту стратегиясын қарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Компанияның тау-кен ісі жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Саят Бакиров өндіріс басшыларының басын қосып, келешектегі қаржыландыру мен жаңа инфрақұрылым салу мәселелерін пысықтады. Жиын барысында ескірген құрал-жабдықтарды ауыстыру мен өндіріс орындарын жаңғыртуға қажетті инвестиция тарту жолдары нақтыланды.
Кәсіпорын мыс қорын көбейту мақсатында Сәтбаев атындағы Жезқазған кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар шикізат көлемін төмендетпеу үшін Жыланды кенішінде қосымша өндіріс нысандары салынып, Қарағайлы байыту фабрикасын кенмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін Құсмұрын кен орны іске қосылып жатыр.
Басқосуда Нұрқазған байыту фабрикасының жұмысын жақсарту жағы да айтылды. Қазір жылына 4 млн тонна шикізат өңдейтін бұл мекеме 2029 жылға қарай өндіріс қуатын 4,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Мамандар ұзақ мерзімге есептелген бұл стратегиялық жоспар алдын ала зерттелген қор негізінде жасалғанын және алдағы уақытта жаңа геологиялық деректер табылған сайын бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізіліп тұратынын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар