Қазақмыс Балқаштағы мыс зауытын түбегейлі өзгертіп тастамақ

31.07.2026 11:20 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс Балқаштағы мыс зауытын түбегейлі өзгертіп тастамақ
72
Фото: KAZAKHMYS

Биыл «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытын кешенді жаңғырту бағдарламасын қолға алып, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға жалпы көлемі 21,8 млрд теңге инвестиция бағыттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ауқымды жұмыстардың ең басты бағыттарының бірі негізгі металлургиялық агрегаттарды күрделі жөндеуден өткізу болды. Мәселен, құны 5 млрд теңгеден асатын бірінші Ванюков пешін жаңарту кезінде кәдеге жарату қазандығының 25 панелі алғаш рет ауыстырылып, металлургтер жұмысты небары 28 күн ішінде аяқтау арқылы зауыт тарихында жаңа рекорд орнатты. Бұл қадам жабдықтың жобалық қуатын қалпына келтіріп, балқыту процесінің сенімділігін айтарлықтай арттырған.

Компания мәліметінше, жаңғырту жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, алдағы 2027 жылдың көктемінде құны 5,4 млрд теңге болатын екінші Ванюков пешін жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар күкірт қышқылы цехында 2008 жылдан бері қызмет етіп келген салмағы 240 тонналық ескі жабдық алынып тасталып, оның орнына металлургиялық газды тазарту тиімділігін күшейтетін 780 млн теңгелік жаңа жылу алмастырғыш іске қосылды.

Зауыттағы өнім сапасын тұрақты ұстап тұру мақсатында анод пештері мен конвертерлер де кезең-кезеңімен жаңаруда. Қазіргі уақытта 1 млрд теңгеден асатын қаражатқа екінші анод пеші жөнделіп жатса, қыркүйек айында үшінші пешті жаңарту көзделген. Сондай-ақ әрқайсысының құны 810 млн теңгені құрайтын бірінші конвертер жөндеуден өтіп, тамыз айында бесінші агрегатты қалыпқа келтіру жұмыстары басталмақ. Бұған қоса 2026 жылдың соңына дейін өндірістің тоқтап қалу қаупін азайту үшін 1,3 млрд теңгеге жаңа қож тасығыштар, көпірлі крандар мен шөміштер жеткізіледі.

Технологияны жақсартумен қатар, кәсіпорын өндірістік инфрақұрылымды дамытуға биыл 7,75 млрд теңге бөлгенін алға тартты. Бұл қаражат есебінен ғимараттар жөнделіп, 13 мың шаршы метрден астам жолға асфальт төселуде. Әсіресе еңбек жағдайын жақсарту мақсатында жұмыскерлердің ұсынысымен бақылау-өткізу пунктінен зауыт ішіне дейін жабық жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аумақты абаттандыру аясында кәсіпорын тарихына арналған мурал пайда болып, басқарма ғимаратының қасбеті жаңартылуда, ал дәл осындай кешенді инфрақұрылымдық жобалар Жезқазған мыс балқыту зауытында да қатар жүзеге асырылып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий