Қазақмыс корпорациясы Жезқазған алаңындағы ірі инвестициялық жобалардың нәтижесін көрсетті

17.06.2026 17:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс корпорациясы Жезқазған алаңындағы ірі инвестициялық жобалардың нәтижесін көрсетті
87
Фото: KAZAKHMYS

Жезқазған экологиясы мен экономикасына тікелей әсер ететін ауқымды жобалар іске асырылуда. «Қазақмыс» компаниясы өндірісті толықтай газға көшіріп, жылына миллиардтаған теңге үнемдеуге кірісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Жақында «Қазақмыс» компаниялар тобының иесі Нұрлан Артықбаев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Жезқазғандағы негізгі өндіріс орындарын арнайы аралап қайтты. Басты назар – жұмысшылардың қауіпсіздігі, зауыттың қуаты және қаланың таза ауасына аударылды.

Зауыттарды экологиялық тұрғыдан жаңғыртудың алғашқы жемісі қазірдің өзінде көрініп отыр. Құны $4 млн болатын газдандыру жобасы толықтай аяқталды. Нәтижесінде 20 өндіріс орны ескі мазуттан бас тартып, таза табиғи газды қолдануға көшті.

Сандарға сүйенсек, Жезқазған мыс балқыту зауытындағы парниктік газ қалдықтары 11,79%-ға азайған. Ал сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде бұл көрсеткіш бірден 80%-ға қысқарды. Экологиялық тиімділіктен бөлек, бұл қадам компанияға жыл сайын ₸4 млрд көлемінде қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта жаңа технологияларға басымдық бермек. Соның ішіндегі ең ірісі – құны $200 млн құрайтын жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы. Бұл жоба іске қосылса, ауаға тарайтын күкірт диоксиді екі есеге азайып, аймақ экологиясы халықаралық стандарттарға сай болмақ.

Сонымен қатар, зауыт өзін-өзі арзан электр қуатымен қамту үшін €24,8 млн-ға қуаттылығы 35 МВт болатын жаңа газпоршеньді станция салмақ. Ол кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, жылына тағы ₸5,5 млдт теңгені қалтада сақтап қалуға септігін тигізеді.

Сапар соңында делегация Жезқазғандағы №1, №2 және №3 байыту фабрикаларының да жұмысымен танысты. Нұрлан Артықбаев Жезқазғанды жаңғырту – компанияның ең басты стратегиялық бағыты болып қала беретінін нақтылады. Алдағы уақытта да өндіріс пен экологияға салынатын инвестиция тоқтамайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий