«Қазақмыс» зауыттарын жаңғыртуға $3.2 млн бағыттап, жаңа 3D технологиясын енгізбек

29.06.2026 13:48 Қарақат АСЫЛОВА
«Қазақмыс» зауыттарын жаңғыртуға $3.2 млн бағыттап, жаңа 3D технологиясын енгізбек
63
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс корпорациясы» басшылығы өз құрамындағы Құю-механикалық және Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыттарын одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын айқындап, өндірісті жаңғыртуға кірісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Корпорацияның басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі аталған кәсіпорындарға арнайы барып, жұмыс тиімділігін арттыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін пысықтады.

Құю-механикалық зауытында басшылыққа газдандырылатын үлгілер бойынша заманауи 3D-баспа технологиясын енгізу жобасы таныстырылды. Құны шамамен $3.2 млн болатын бұл бастама өнім дәлдігін арттырып, бөлшектерді механикалық өңдеу уақытын қысқарту арқылы зауыттың жалпы өнімділігін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Басқарма төрағасы бұл жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі мен экономикалық тиімділігін бағалау үшін кешенді талдау жүргізуді тапсырды. Одан бөлек кәсіпорынның өз өндірісін дамытып, импортты алмастыру мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Қазіргі кезде компания құю және машина жасау өнімдерінің бір бөлігін сырттан сатып алғанымен, зауыттың өз тауарларын шығаруға және өндірістік қуатын толық пайдалануға әлеуеті жетерлік. Сондықтан сұранысқа ие бұйымдарды жоғары сапамен әрі уақытылы дайындау басты назарда қала береді.

Өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін материалдарды жоспарлау жүйесін жетілдіріп, бейінді бөлімшелерге қыс мезгіліне қажетті шикізат қорын алдын ала дайындау міндеттелді. Ал Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытында қолданыстағы инфрақұрылым негізінде техногендік шикізатты қайта өңдеу және ілеспе мыс өндіру бойынша жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Зертханалық зерттеулер аяқталған соң кәсіпорын ауқымды сынақтан өтіп, өнеркәсіптік регламентті әзірлеуге кіріседі.

Жұмыс сапары барысында барлық учаскелерде қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, тәуекелдерді азайту және өндірістік бақылау жүйесін күшейту қажеттігі қатаң ескертілді.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Руслан Өскенәлі Құю-механикалық және Тәжірибелік гидрометаллургиялық зауыттары «Қазақмыс» өндірістік кешенінің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Компания аталған кәсіпорындарды дамытуды технологиялық тәуелсіздікті нығайтудың, өндіріс тиімділігін арттырудың және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтудің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Войдите, чтобы оставить комментарий