Қазақстан бюджеттегі 4,6 трлн теңге тапшылықты жабу үшін шетелден $600 млн қарыз алады

17.06.2026 11:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан бюджеттегі 4,6 трлн теңге тапшылықты жабу үшін шетелден $600 млн қарыз алады
172
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Астанада өткен Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен $600 млн көлемінде қарыз алатынын мәлімдеді. Биылғы жылы ел қазынасындағы тапшылық 4,6 трлн теңгені құрап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстан мен аталған банк арасындағы келісімге 2026 жылдың 20 мамырында елордада қол қойылған. Бұл несиенің жалпы сомасы 92 млрд 316 млн жапон иенасына тең. Бұл біздің ақшаға шаққанда шамамен 293 млрд теңге немесе $600 млн көлеміндегі қаражат.

Отырыс барысында депутат Болат Керімбек үкіметке жаңа қарыздың не үшін қажет болғанын және оны алу алдын ала жоспарланғанын сұрады. Бұл сауалға қаржы министрі жауап берді.

"Иә, бұл қаражат біздің бюджетте қарастырылған. Биылғы жылы бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені құрайтынын білесіздер. Қарыз сомасы $600 млн құрайды. Біз бұл қаражатты бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тартамыз. Бұл алдын ала жоспарланған", – деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Мәліметтерге сүйенсек қарыз Қазақстанға 11 жыл мерзімге беріліп отыр. Оның алғашқы 5 жылында жеңілдік кезеңі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жапон иенасы бойынша базалық мөлшерлеме мен құбылмалы спред формуласымен есептеледі.

Сонымен қатар қарыз сомасының 0,25 пайызы көлемінде біржолғы комиссия төлеу талабы бар. Ал игерілмеген қаражат қалдығы үшін жылдық 0,25 пайыз көлемінде резервтеу комиссиясы ұсталады. Бұл қарызды қайтару міндеті Қаржы министрлігіне жүктелген және ол республикалық бюджет есебінен өтеледі.

Үкіметтің ақпаратынша заңды қабылдау ешқандай теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді. Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасына оң қорытынды берген. Қаржы және бюджет комитеті құжатты қабылдап, оны Сенатқа жолдауды ұсынды.

Мәжіліс депутаттары қарыздың неліктен жапон иенасымен алынып жатқанын және бұл валютаның нығаю қаупі ескерілгенін де сұрады. Ведомство басшысы бұл таңдауды Жапониядағы төменгі пайыздық мөлшерлемелермен түсіндірді.

"Біз халықаралық институттармен бірлесіп соңғы 5 жылдағы сценарийлік талдау жүргіздік. Осы кезең ішінде теңге мен жапон иенасы бағамының арақатынасы салыстырмалы түрде тұрақты сақталды. Біз бағам өзгерген әртүрлі сценарийлер кезіндегі есептеулерді де жасадық. Тіпті жағдай нашарлаған күннің өзінде жапон иенасымен қарыз алу біз үшін тиімді болып қала береді", – деді министр.

Оның айтуынша Халықаралық қайта құру және даму банкі елімізге қаражатты жеңілдікпен әрі ұзақ мерзімге беріп отыр. Оған қоса Қазақстанның бұл қаржы ұйымында қолжетімді лимиті өте жоғары.

"Халықаралық қайта құру және даму банкінің неліктен таңдалғаны белгілі. Біздің еліміз бұл банкте жоғары рейтингке ие. Банк бізге жеңілдікті пайыздық мөлшерлемелермен қаржыландыруды ұсынады, жеңілдік кезеңін және өтеудің ұзақ мерзімін қарастырады", – дейді Мәди Такиев.

Мәди Такиевтің мәліметінше Қазақстан бірден екі халықаралық ұйыммен келісімге келген. Олардың бірі жоғарыда аталған банк болса, екіншісі Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Бұл екі келісімнің жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайды.

"Аталған қаражат үкіметтің бірінші кезектегі шараларына, соның ішінде экономиканың маңызды бағыттарын қаржыландыруға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Қаржы министрі еліміздің қарыз көрсеткіштері мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітілген шектеулер аясында екенін жеткізді. Оның сөзінше халықаралық ұйымдар Қазақстанның мемлекеттік қарызын төмен әрі басқаруға болатын деңгейде деп бағалап отыр.

"Біздің еліміздің қаржылық тұрақтылығы жетекші рейтингтік агенттіктердің тұрақты болжамы бар жоғары несиелік рейтингтерімен расталады. Ірі халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары мемлекеттік қарыз деңгейін төмен деп бағалайды және оның басқарылатындығын атап өтеді", – деді Қаржы министрлігінің басшысы.

Такиев халықаралық ұйымдардан жеңілдікпен қарыз алу экономикалық өсімді қолдауға бағытталған қалыпты тәжірибе екенін алға тартты. Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкімен 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ел экономикасына $10,7 млрд тартылған.

Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне біздің ел 2017 жылы қосылған. Қазіргі уақытта республиканың үлесі 0,754 пайызды құрайды және тартылған инвестиция көлемі $1,1 млрд жеткен.

"Осы келісімдерді ратификациялау біздің еліміз үшін теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды", – деді министр.

Войдите, чтобы оставить комментарий