Қазақстан экономикасын қай салалар алға сүйреп жатыр

Қазақстан экономикасын қай салалар алға сүйреп жатыр
Фото: Politico.kz

Қазақстанда дәрі-дәрмек, машина және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың жұмысы жандана түскен. Әсіресе фармацевтика саласында өсім жоғары. Ал ел экономикасы биылғы 10 айда 4,5%-ға өсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,5%-ға артқан. Бұл тоғыз айдағы көрсеткіштен 0,3%-дық тармаққа жоғары.

Экономиканың өсуіне негізінен шикізаттан тыс салалар үлес қосқан. Олардың өсімі 5,6%-ға жетті.

Өнеркәсіп өндірісі жалпы алғанда 3,5%-ға артқан. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі айтарлықтай қарқын алды. Тоғыз айда бұл саладағы өсім 8,6% болса, он айдың қорытындысында 9,3%-ға жеткен.

Ең жоғары өсім фармацевтикада тіркелді. Дәрі-дәрмек өндірісі 50,9%-ға артқан. Одан кейін дайын металл бұйымдарын шығару саласы тұр. Мұндағы өсім 30,4% болды.

Машина жасау саласы 22,2%-ға, химия өнеркәсібі 21,9%-ға өскен. Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі 18,1%-ға, азық-түлік өндірісі 13%-ға, ал құрылыс материалдарын шығару 5,4%-ға артқан.

Өзге салаларда да өсім бар. Мәселен, құрылыс саласы 13,1%-ға ұлғайған. Көлік және қойма шаруашылығында өсім 7,5%-ды, саудада 6,2%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы 5,2%-ға, ал байланыс саласы 4,9%-ға өскен.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кейінгі жылдардағы экономикалық жетістіктеріне тоқталған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібінің ел экспортындағы үлесі 45%-дан асқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу