«Қыста киіммен ұйықтаймыз»: Алматы облысында екі баланың анасы 10 жылдан бері баспана күтіп жүр
Қыста есігіне мұз қатып, үйінің ішінен суық кетпейді. Соған қарамастан ай сайын 70 мың теңге пәтерақы төлеуге мәжбүр. Алматы облысында екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған Сандуғаш Тайтиева он жылдан бері баспана кезегін күтіп жүр. Бұл туралы «Астарсыз ақиқат» бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Сандуғаштың бір ұлының денсаулығында кінәрат бар. Әйелдің айтуынша, баласына аутизм және балалардың церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Ұлын жалғыз қалдыра алмайтындықтан, жұмысқа шығуға мүмкіндігі жоқ. Екі баласымен жәрдемақыға күнелтіп отыр.
Қазір отбасы тарақан қаптаған бір бөлмелі үйді жалдап тұрады. Ай сайынғы пәтерақысы – 70 мың теңге. Оған қыста көмірге жұмсалатын 40–50 мың теңгені қосыңыз. Кейде азық-түлік пен баласының дәрі-дәрмегіне де ақша жетпейді.
«Жұмыс істей алмаймын. Әр дүкенге 30 мыңнан, 40 мыңнан қарызым бар. Кредитім 200 мыңға барады. Өйткені кредит алып, жамай берем ғой, баламның еміне де ақша керек. Үйім болса, баламның ақшасын жинап, өзін емдетер едім», – дейді Сандуғаш Тайтиева.
Әсіресе қыс мезгілі отбасыға ауыр тиеді. Әйелдің сөзінше, бір бөлмелі үйді жылытуға айына бір тонна көмір кетеді. Пешке таңнан кешке дейін от жаққанымен, үй жылымайды.
«Қыста қатты суық, сөз жоқ. Төсекке киіммен жатамыз. Есік мұз болып қатып қалады. Көмірді он күн сайын ала беру де оңай емес. Қарызға беретін кісілер бар. Сосын отын теріп келіп, тақтай жарып, жанымызды әрең бағып отырмыз», – дейді ол.
Сандуғаш басқа баспана жалдағысы келгенімен, науқас баласы барын естіген үй иелері келіспейтінін айтады. Күйеуі де отбасын тастап кеткен.
Әйелдің ендігі бар үміті – мемлекеттен берілетін баспана. Айтуынша, пәтер кезегіне тұрғанына 10 жыл болған. Осы уақыт ішінде әкімдікке талай барғанымен, нәтиже жоқ.
«Әкімдікке барып жүргеніме көп уақыт болды. Есепте екенімізді біледі. Кезекте тұрғанымды да біледі, бәрін біледі. Бірақ оған немқұрай. Баламның еміне біраз ақша керек. Оның іш-құрылысы ауырады, басы ауырады, әр дәрісі қымбат. Маған басқа ешнәрсе керек емес. Өзімнің тыныш үйім болса, осы баламның еміне жұмсаймын», – дейді жалғызбасты ана.
Ал Талғар ауданы әкімдігінің өз айтары бар. Аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаевтың түсіндіруінше, баспана кезегі электронды жүйеге көшкен. Әкімдік енді пәтерді өзі үлестірмейді, бұл жұмыспен «Отбасы банк» айналысады.
«Әкімдік үйді салады, "Отбасы банкіне" өткізіп береді. "Отбасы банк" электронды кезекпен баспана тарату мәселесін қарастырады. Бұл кісінің кезегі электронды, яғни ол кісінің алдына ешкім шығып кетпейді. Кезегі келсе, "Отбасы банк" бұл кісіге міндетті түрде үй береді», – деді Айбек Бидаев.
Шенеунік Сандуғаштың жағдайын назарға алуға да уәде берді.
Дегенмен әкімдік өкілінің айтуынша, Талғар ауданында баспана кезегінде 10 мыңға жуық адам тұр. Олардың арасында үй алуды 20 жылдан бері күтіп жүргендер де бар.
Соңғы жаңалықтар