Қазақстан Қашағандағы $10,7 млрд келісімшартта жемқорлық болуы мүмкін екенін мәлімдеді
Қазақстан Каспийдегі Қашаған кен орнын игеруге қатысты халықаралық арбитражда оператор North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясына қарсы ірі талаптар қойып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумының (ICIJ) мәліметінше, Қазақстан тарапы Қашағанды игеру барысында жасалған жалпы сомасы шамамен 10,7 млрд доллар болатын бірқатар келісімшарттардың заңдылығына күмән келтірген. Атап айтқанда, келісімдер кезінде сыбайлас жемқорлық, мүдделер қақтығысы немесе шығындардың негізсіз қымбаттатылуы болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Әңгіме 2000 жылдары Қашаған инфрақұрылымын салуға қатысқан халықаралық инженерлік және құрылыс компанияларымен жасалған он шақты келісімшарт туралы болып отыр.
Қазақстанның Қашағанға қатысты жалпы талаптарының көлемі 160 млрд долларға дейін жетеді. Оның ішінде ықтимал заңбұзушылықтармен қатар, жобаның кешігуінен болған шығындар мен экологиялық залал мәселелері де қарастырылуда.
Қашағандағы мұнай өндірісі бастапқы жоспар бойынша 2000 жылдардың ортасында басталуы тиіс еді. Алайда жоғары қысым, күкірттің көп болуы және Каспий теңізіндегі күрделі жағдайларға байланысты толыққанды өндіріс тек 2016 жылы іске қосылды.
Қазақстан тарапы келісімшарттардағы ықтимал заңбұзушылықтар жобаның ұзақ жылдарға кешігуіне әсер еткен болуы мүмкін деп санайды. Кешігу салдарынан мемлекетке пайданың неғұрлым тиімді кезеңіне өту кейінге шегерілген.
Ал NCOC өзіне тағылған айыптарды қабылдамай, консорциум мүшелері келісімшарттар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес әрекет еткенін мәлімдеген. Компания арбитраж процесінің құпия болуына байланысты қосымша ақпарат беруден бас тартты.
Қашаған бойынша арбитраж ісі Гаагадағы Тұрақты төрелік соты аясында қаралып жатыр. Қазіргі таңда сот Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулары бойынша түпкілікті шешім шығарған жоқ.
Сонымен қатар тараптар дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін талқылап жатқаны хабарланды. Егер келісімге қол жеткізілмесе, негізгі арбитраждық дауға қатысты соңғы шешім 2028 жылдан ерте қабылданбауы мүмкін.
Осылайша, Қазақстан мен Қашағанды игеріп жатқан халықаралық мұнай консорциумы арасындағы дау ел тарихындағы шетелдік инвесторлармен байланысты ең ірі халықаралық арбитраждардың біріне айналып отыр.
Соңғы жаңалықтар