Қазақстан инвестициялар тартып, өсу көздерінің ауқымын кеңейтуде - Reuters шолуы
Халықаралық сарапшылар Қазақстанды тек шикізаттық мемлекет емес, тұрақты дамудың жаңа моделін қалыптастырып жатқан ел ретінде бағалай бастады. Бұл туралы Reuters агенттігінде жарияланған World Impact Media Organization есебінен белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен бәсекенің күшеюіне қарамастан ел экономикасы құрылыс, көлік және қызмет көрсету салалары есебінен тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұрын Қазақстан негізінен мұнай қорларымен танылса, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібі, логистика және заманауи сервистердің рөлі еселеп артып келеді.
Бұл өзгерісті нақты сандар да растайды. Мәселен 2025 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға артса, 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 3,7%-дық өсім тіркелген. Биылғы жыл басынан бері құрылыс саласы 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, ал көлік пен қоймалау 8,4%-ға өсіп, нақты сектор мен қызмет көрсету салаларында оң динамика сақталды.
Шетелдік инвестиция тарту көрсеткіші де айтарлықтай жақсарған. Былтыр тікелей инвестиция көлемі $20,5 млрд-қа жетіп, бір жыл ішінде 14,4%-ға артты.
UNESCAP мәліметіне сүйенсек, Қазақстан $19 млрд көлемінде greenfield инвестиция тартып, Орталық Азиядағы осындай қаржының 89%-ын өз қанжығасына байлаған және өңірдегі негізгі инвестициялық хаб мәртебесін бекіте түскен.
Инвестициялар экономикалық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналып үлгерді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында капитал салымдары 7%-ға, жеке инвестициялар 17,4%-ға өсіп, энергетика, агроөнеркәсіп және ақпараттық технологиялар саласында қарқынды даму байқалады.
«Қазақстан шикізат тауарлары есебінен ғана емес, инвестиция, өнеркәсіп және заманауи қызметтер есебінен де өсіп келеді. Мұндай баға әсіресе жаһандық баяулау жағдайында аса маңызды, өйткені көптеген елдер жоғары инфляция, қымбатырақ қаражат және іскерлік белсенділіктің төмендеуі тенденциясына тап болып отыр», — деді World Impact Media Organization бас редакторы Жасмин Абдул.
Сарапшылар инвестициялық ортаны жақсартуға бағытталған реформаларға да ерекше назар аударған. Елде 2030 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясат бекітіліп, цифрлық платформалар іске қосылды және «Астана» халықаралық қаржы орталығы ағылшын құқығы негізінде инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуда.
Сонымен қатар Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты елдермен инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдер бекітілді. Осы қадамдардың барлығы халықаралық бизнес үшін сенімділік сигналы болып табылады және ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Соңғы жаңалықтар