Қазақстанда енді әкімшілік тәртіп бұзушылықтарға да автоматты түрде айыппұл салынады
Қазақстанда 12 наурыздан бастап әкімшілік құқықбұзушылықтарды автоматты тіркеу аясы кеңейеді. Бұған дейін мұндай жүйе негізінен жол ережесін бұзған жүргізушілерге қатысты қолданылса, енді цифрлық технологиялар арқылы кез келген әкімшілік тәртіп бұзушылық үшін айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылған, деп забарлайды Politico.kz.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 31-бабында цифрлық жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша хаттама толтырмай-ақ, бірден айыппұл салу тетігі бекітілген. Мәліметтер әкімшілік өндірістің бірыңғай реестрімен ықпалдастырылған ақпараттық жүйелер арқылы өңделеді.
Көлік құралдарына қатысты құқықбұзушылықтар бұрынғы тәртіппен тіркеледі, яғни жауапкершілік көлік иесіне жүктеледі. Ал «автоматты режим» – камералар, дрондар мен ақылды жүйелер – енді өзге де әкімшілік құқықбұзушылықтарды тіркей алады.
Мәселен, жүйе:
көшеде қоқыс немесе темекі тұқылын тастауды (2026 жылы айыппұл – 43 250 теңге);
темекіні тыйым салынған жерде шегуді;
жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуді;
заңсыз сауда жасауды немесе алкогольді рұқсат етілмеген уақытта сатуды (ақылды камералар орнатылған орындарда)
автоматты түрде тіркей алады.
Егер цифрлық жүйе құқықбұзушының жеке басын анықтап, деректерді мемлекеттік базамен растаған жағдайда, хаттамасыз тікелей айыппұл рәсімделеді. Бұл өзгеріс «Сергек» сияқты бақылау жүйелерінің мүмкіндігін кеңейтеді. Бұрын бейнежазбалар көбіне дәлел ретінде қолданылса, енді ұсақ құқықбұзушылықтар үшін бірден айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елдерінде қолданылады. Мысалы, Қытайда бет-әлпетті тану жүйесі арқылы жолды белгіленбеген жерден өткендерге немесе қоқыс тастағандарға айыппұл салынады. Сингапурда камералар мен роботтар темекі шегу, қоқыс тастау және велосипедті дұрыс қоймау деректерін тіркейді.
Осылайша, Қазақстанда да күнделікті тұрмыстық құқықбұзушылықтарға автоматты бақылау мен айыппұл салу жүйесі енгізілмек.
Соңғы жаңалықтар