Қазақстанда онлайн казино ісі бойынша екі шетелдік іздеуге жарияланды

Қазақстанда онлайн казино ісі бойынша екі шетелдік іздеуге жарияланды
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады. Олар қазақстандықтарға бағытталған «Pinco» және «Pin-Up» интернет-казиноларының заңсыз жұмысын ұйымдастырды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Politico.kz.

Дмитрий Пунин 1985 жылғы 8 ақпанда, Марина Ильина 1989 жылғы 11 ақпанда туған. Екеуіне де бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау белгіленген.

Тергеу мәліметінше, заңсыз қызметті жүргізу үшін халықаралық жүйе құрылған. Оған бақылаудағы компаниялар, төлем ұйымдары мен банк құралдары кірген.

Қазақстанда бұл жүйенің бір бөлігі «PIN-UP.KZ» брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған «Бонами» ЖШС болған. Тергеу дерегінше, заңды букмекерлік қызмет интернет-казино жұмысын жасыру үшін пайдаланылған.

Ақша айналымын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, қағаз жүзіндегі басшылар мен банк терминалдары қолданылған. Оларды қосуға және жұмысын жүргізуге қаржы секторының өкілдері көмектескен.

Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Қаржы операцияларының көлемі 106 миллиард теңгеден асқан.

Бұған дейін Дмитрий Пунин мен Марина Ильина осы қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған төрт адамның қатарында аталған. Бұл істе қазақстандық блогер Қайсар Қамза да бар.

Қаржылық мониторинг агенттігі іздеудегі адамдардың қайда жүргенін білетіндерден +7 7172 70 84 78 нөміріне хабарласуды сұрады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу