Қазақстанда құтқарушыларға арналған жаңа тұрғын үй кешендері салынады

18.08.2026 14:58 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстанда құтқарушыларға арналған жаңа тұрғын үй кешендері салынады
136
Фото: Ақорда

Қазақстанда төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй кластері құрылады. Бұл туралы ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа жоба аясында өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының жанынан баспаналар бой көтереді. Онда құтқарушыларға қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылады. Сонымен қатар министр қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шаралары аясында баспана төлемдері беріліп жатқанын жеткізді.

Ведомство жұмысының нәтижесін баяндаған министр материалдық-техникалық базаның нығайғанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде құтқару бөлімшелеріне 1,4 мыңнан астам техника берілген. Олардың қатарында авиация, заманауи құтқару жабдықтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен байланыс құралдары бар. Бұл еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырды.

Сондай-ақ министрлікке қарасты бөлімшелерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Елімізде жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылды. Ал «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынған. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек халықты жаппай шұғыл хабардар ету жүйесін дамыту ісі жалғасуда. Қазіргі уақытта Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Сонымен бірге табиғи өртті ерте анықтау жүйелері біріктірілуде.

Президент министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша атқарып жатқан жұмысын оң бағалады. Ол жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің базасын нығайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы заманауи технологияларды енгізіп, өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру жөнінде нақты міндет қойды.

Войдите, чтобы оставить комментарий