Қазақстанда төртінші атом электр станциясы салынуы мүмкін
Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға бағытталған ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Мемлекет басшысы бекіткен Атом саласын дамыту стратегиясында көрсетілген. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай ел аумағында кемінде үш атом электр станциясы (АЭС) іске қосылуы жоспарланып отыр. Сонымен қатар, электр энергиясына деген сұраныстың артуын ескере отырып, төртінші АЭС салу мүмкіндігі де қарастырылуда. Мамандардың пікірінше, бұл қадам экономика мен халықтың өсіп келе жатқан энергия қажеттілігін тұрақты әрі экологиялық таза электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда шағын модульді реакторлар негізінде АЭС салу нұсқалары да зерттеліп жатыр. Бұл технологиялық және экономикалық тиімділікке байланысты таңдалмақ. Мұндай жобалар алдағы уақытта қолданыстағы көмір электр станцияларын біртіндеп алмастыруға пайдаланылуы мүмкін.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, аталған бастамалар энергетика саласын әртараптандыруға, сондай-ақ елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін күшейтуге ықпал етеді.
Соңғы жаңалықтар