Тоқаев Анталия форумында ядролық қауіп пен Таяу Шығыстағы жағдайға назар аударды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумында сөз сөйлеп, әлемдегі негізгі қауіптер мен қазіргі халықаралық ахуалға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы әсіресе Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталып, әлемдік қауымдастықты мәселенің салдарына емес, оның түпкі себептеріне мән беруге шақырды.
Иран айналасындағы шиеленіске қатысты пікір білдірген Тоқаев қазіргі таңда көпшілік назардың сауда жолдары мен теңіз өткелдеріндегі еркін қозғалыс мәселесіне ауып отырғанын айтты. Алайда, оның пікірінше, негізгі түйін – ядролық технологиялар мен ядролық қарудың таралу қаупі.
«Негізгі мәселе – ядролық технологиялардың және ядролық қарудың таралуы. Иранға қатысты келіссөздерде дәл осы тақырып басты назарда болуы тиіс», – деді Президент.
Тоқаев Қазақстанның Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастығын қолдайтынын атап өтіп, қақтығысқа қатысушы тараптарды әскери әрекеттерді дереу тоқтатуға шақырды. Мемлекет басшысының айтуынша, тек ашық диалог пен күш қолданудан бас тарту арқылы ғана Таяу Шығыстағы тұрақтылықты қалпына келтіруге болады.
Соңғы жаңалықтар