Қазақстанды «Боратпен» келемеждеген ресейлік режиссердің әрекеті жұрттың ашуын туғызды

16.07.2026 21:10 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанды «Боратпен» келемеждеген ресейлік режиссердің әрекеті жұрттың ашуын туғызды
159
Коллаж: kursiv.media

Қазақстанның әлеуметтік желілерінде 7Days мини-круассандарының брендіне қатысты дау өршіді, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Курсив-ке сілтемемен.

Бұған компанияның Қазақстандағы жарнамалық науқанға тартқан ресейлік режиссерінің елге қатысты айтқан сөздері себеп болды.

Дау режиссер Илья Лучкиннің Қазақстанды «Борат» фильмі арқылы ғана білетінін айтқан видеосынан кейін басталды. Артынша әлеуметтік желілерде оның кешірім сұраған жазбасының скриншоты тарады. Алайда қолданушылар бұл жазбаны шынайы кешірім емес, мысқыл ретінде қабылдады.

Режиссер өз жазбасында жобасының Қазақстандағы алғашқы әрі соңғы жұмысы болуы мүмкін екенін айтып, сын айтқан қазақстандықтарды тұспалдап келемеждеген. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары оның сөздерін қорлау деп бағалап, 7Days өнімдерінен бас тартуға шақыра бастады.

Threads платформасында брендке бойкот жариялауға үндейтін жазбалар көбейді. Кейбір блогерлер дүкен сөрелерінен 7Days өнімдерін көрсе, сатып алмауға және өзгелерді де соған шақыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты 7Days компаниясы ресми мәлімдеме жасап, ұлтаралық араздықты, кемсітуді және кез келген халыққа құрметсіздік танытуды қолдамайтынын жеткізді. Компания режиссердің әлеуметтік желідегі жазбалары оның жеке көзқарасы екенін, брендтің ұстанымын білдірмейтінін атап өтті. Сонымен қатар 7Days Илья Лучкинмен ынтымақтастықтың бірден тоқтатылғанын хабарлады.

Войдите, чтобы оставить комментарий