Қазақстанның үш ірі қаласында қалдықтан энергия өндіретін жаңа зауыттар салынады

16.07.2026 15:19 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанның үш ірі қаласында қалдықтан энергия өндіретін жаңа зауыттар салынады
71
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов қытайлық China Tianying Inc. компаниясының президенті Дэбяо Цаомен кездесіп, елімізде қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін және одан энергия алатын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазіргі таңда қос мемлекет арасындағы тауар айналымы $48 млрд-қа жеткенін айтқан премьер-министр екі ел басшылары айқындаған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру міндетін орындауға үкіметтің барынша күш салатынын жеткізді.

«Екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімге негізделген сындарлы диалогтің арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілуде», – деді Олжас Бектенов.

Жалпы Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы аясында құны $13,3 млрд болатын 77 бірлескен жоба іске асырылып, 21,6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған және бұдан бөлек 269-дан астам перспективалы бастама жоспарда бар. Соның ішінде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату бағыты белсенді дамып келеді, қазіргі уақытта Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай зауыттар салу ісі қолға алынып, өңірлерде Waste-to-energy тетігі енгізіліп жатыр.

Бұл салада жиырма жылдан астам тәжірибесі бар және әлемнің отыздан астам елінде, оның ішінде Сингапур мен Францияда жұмыс істейтін China Tianying компаниясының басшысы өздерінің технологиялық шешімдері еуропалық экологиялық стандарттарға толық сай келетінін мәлімдеді.

«Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз, атап айтқанда қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика саласындағы технологияларды дамыту. Қазіргі уақытта компания зауыттарының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты тәулігіне 4 мың тоннаны құрайды, алдағы уақытта бұл көрсеткіш тәулігіне 7 мың тоннаға дейін артатын болады. Компания техникалық шешімдерді әзірлеу, жабдықтарды өндіруден бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізу, нысандарды пайдалануға беру және оларды кейінгі сервистік қызметпен қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады», – деді Дэбяо Цао.

Кездесу барысында тараптар Қазақстанда тәулігіне 250 тоннадан 500 тоннаға дейін қалдық өңдейтін шағын зауыттар салу перспективасын да ерекше назарға алды, себебі мұндай нысандар коммуналдық қалдық көлемі ірі кәсіпорындарды қажет етпейтін өңірлер үшін өте өзекті саналады. Бүгінде елімізде қатты қалдықтарды өңдеу жобалары арнайы келісімдер тетігі арқылы жүзеге асырылып жатыр және энергия алу жобалары үшін өндірілетін электр қуатына 1 кВт/сағ үшін 55 теңгеге дейін тариф белгіленген.

Жиын қорытындысы бойынша үкімет басшысы жауапты мемлекеттік органдарға өңірлерде заманауи экологиялық технологияларды енгізу бастамаларын уақтылы іске асыру үшін инвесторларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

«Экология министрлігі өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, компаниямен келіссөздердің соңғы кезеңін жеделдетілген тәртіппен жүргізуі және екі апта ішінде Қазақстанның кемінде үш ірі қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуды көздейтін Инвестициялар туралы келісімді бекітуге ұсынуы тиіс», – деп тапсырды Олжас Бектенов.

Айта кетейік, өткен жылы қытайлық инвесторлармен тиісті келісімдер жасалып, бүгінгі таңда еліміздің үш қаласында жалпы құны 293,3 млрд теңгені құрайтын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарының құрылысы басталған болатын. Бұл нысандардың жалпы қуаты тәулігіне 4,5 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы, олар іске қосылғанда 134 МВт электр энергиясы өндіріліп, 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда, Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясымен бірлесіп 145,5 млрд теңге инвестицияға тәулігіне 2000 тонна қалдық өңдейтін зауыт салынса, Астанада EAST HOPE компаниясы құны 94,4 млрд теңге болатын қуаттылығы тәулігіне 1500 тонна қалдыққа жететін кешенді бой көтертуде. Дәл осындай тәулігіне 1000 тонна коммуналдық қалдықты кәдеге жарататын 54 млрд теңгелік жоба Shaanxi Construction Engineering компаниясының қатысуымен Шымкент қаласында да қолға алынған, ал қазіргі уақытта Ақтөбе, Атырау және Қарағанды сияқты өзге де қалаларда осындай өндіріс орындарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий