Қазақтар туралы ауыр айтқан әкесінің жазбалары елді ашуландырды: Депутаттыққа үміткер Бейбіт Әлібеков әкесі туралы не дейді
Кәсіпкер, блогер, Respublica партиясының белсенді өкілдерінің бірі Бейбіт Әлібеков әкесі Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасында қазақтар туралы «қазанбастар», «мәмбет» деп, ал Наурыз мейрамы туралы «сасиды» сияқты кемсіту сөздер қолданылған жазбаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде қазақстандықтар Бақыт Әлібековтің Facebook-тегі жазбалары мен өткір пікірлерін талқылап жатыр.
Threads желісінде Бейбіт осы жазбалардың айналасындағы қоғамдық резонансқа пікір білдіріп, әкесінің көзқарастарымен келіспейтінін атап өтті.
«Барлығымыз ата-ананы таңдамаймыз, олар да бізді таңдай алмайтыны - анық. Әкемнің көзқарастары мен пікірлерін ешқашан қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым. Менің де ересек жасқа жетіп қалған балаларым бар - ересек адаммын. Әкем және мен - екі бөлек тұлға екенімізді ұмытпаған жөн шығар. Әр адамның өз ұстанымы мен пікірі болуға құқығы бар. Бірақ мен тек өз сөзіме, іс-әрекетіме және көзқарасыма ғана жауап бере аламын», – деп жазды Әлібеков.
Оның айтуынша, әке мен бала – әрқайсысы өз сөздеріне, іс-әрекеттері мен ұстанымдарына ғана жауап беретін, бір-бірінен тәуелсіз екі ересек адам.
Бейбіт Әлібеков баланың әкесі айтқан сөздері немесе жасаған әрекеттері үшін жауап бермеуі тиіс екенін атап өтті.
«Баласы әкесінің айтқан сөзі немесе жасаған әрекеті үшін жауап беруге тиіс емес деп ойлаймын. Сондықтан мен саналы, жасы келген тұлғаның пікірі үшін ақталуға құқығым жоқ. Менің өз пікірім, өз өмірім және өз жауапкершілігім бар. Ол үшін толықтай жауап беруге дайынмын», — деп жазды Бейбіт.
Соңғы жаңалықтар