"Қазір керісінше, жақсарды": Лукашенко Қазақстанмен ынтымақтастық туралы

02.10.2026 • 14:41 Қанат АЙБАР
302
Фото: Бейнеден кадр

Минск Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын, талқылауға жабық тақырып жоқ. Беларусь президенті Александр Лукашенко бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуде айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесу Бектеновтің Беларуське ресми сапары кезінде Минскіде өтті. Үкімет басшысы Лукашенкоға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.

Лукашенко Қазақстанды Беларусь үшін маңызды әрі достық қарым-қатынастағы серіктес деп атап, екі елге де тиімді бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.

«Беларусьтегі машина жасау саласынан көңіліңізге қонған нәрсе болса, бұл Қазақстан үшін де, Беларусь үшін де маңызды, ауыл шаруашылығын дамыту, жоғары технология немесе басқа мәселелер болсын, жабық тақырып жоқ. Сіздермен қуана жұмыс істейміз. Оның үстіне, елдеріміздің қарым-қатынасы бұрыннан өте жақсы. Қазіргі президент тұсында ол нашарлаған жоқ, керісінше, жақсарды», деді Лукашенко.

Беларусь басшысы Тоқаевпен арадағы байланысына да тоқталып, екі президент экономикалық ынтымақтастықты жиі талқылайтынын айтты.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы қарым-қатынасымызды дамытуға көп көңіл бөледі. Мен бұған өте ризамын. Экономикаларымызды өзара байланыстырып, қарым-қатынасымызды жақсарту мәселесін жиі қозғаймыз. Ол маған сіздердің байланыстарыңыз туралы үнемі айтып отырады. Бұған қуаныштымын, ризамын және елдеріміздің қарым-қатынасын ілгерілету үшін кез келген мәселеге атсалысуға дайынмын», деді ол.

Бектенов өз кезегінде Беларусьті Қазақстанға тарихи тұрғыдан жақын әрі сенімді серіктес деп атады. Оның айтуынша, екі ел үкіметтерінің міндеті – президенттер деңгейінде жасалған уағдаластықтарды жүзеге асыру.

Қазақстан тарапының мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 27,7 пайызға өскен, ал 2026 жылдың алғашқы жеті айында өсім 20 пайыз болған.

Лукашенко екі халықты экономикалық мүддемен бірге ортақ тарих та байланыстыратынын айтып, соғыс жылдарында Беларусьті қорғаған қазақстандықтарды еске алды.

«Сіздер бөтен адамдарға келген жоқсыздар. Беларустар – сіздерге жақын халық. Қарапайым тілмен айтсақ, қанымызбен байланысқанбыз. Өйткені Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген қазақстандық Беларусьті қорғап, осында ерлігімен танылды. Біз мұны бағалаймыз, ешкімді ұмытқан жоқпыз», деді Александр Лукашенко.

Войдите, чтобы оставить комментарий