Қазығұртта сел жүрді (ВИДЕО)
Қазығұрт ауданында толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан бірнеше елді мекенде сел жүрді, деп хабарлайды Politico.kz.
Желіде тараған видеодан тұрғын үй аулалары мен жолдарды су басқанын көруге болады.
Қазіргі таңда сел өткен аумақтарда жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тиісті жұмыстар жүргізуде.
Әкімдіктің мәліметінше, оқиға орындарына арнайы 9 техника мен 64 адам жұмылдырылып, сел салдарын жою, аумақтарды тазарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған.
Сонымен қатар, аулаларын су басқан азаматтарға тиісті көмек көрсетілуде. Жағдай жауапты сала мамандарының тұрақты бақылауында.
Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны жоқ, тұрғын үйлер мен ғимарат қирамаған.
«Қалыптасқан жағдайға байланысты баршаңызды сабырлық сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз.
Сел қаупі бар аумақтардан алыс болып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын орындауларыңызды өтінеміз», - делінген әкімдік хабарламасында.
Қазіргі уақытта жауапты қызметкерлер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи құбылыстың салдарын жою бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруда.
Соңғы жаңалықтар