Шымкентте балалардан интимдік фото мен видео сұратты деген күдікпен ер адам ұсталды

02.10.2026 • 09:52 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте балалардан интимдік фото мен видео сұратты деген күдікпен ер адам ұсталды
282
Фото: ҚР ІІМ

Шымкентте өзін 14 жастағы жасөспірім деп таныстырып, балалармен интернет арқылы сөйлескен ер адам ұсталды. Полицияның алдын ала мәліметінше, ол 10 жастан 12 жасқа дейінгі балалардың сеніміне кіріп, олардан интимдік фото мен видео жіберуді сұраған, деп хабарлайды Politico.kz.

Анықталған оқиғалардың бірінде күдікті қызбен онлайн ойында танысып, телефон нөмірін алған, кейін WhatsApp арқылы хат алмасқан. Әңгіме барысында түрлі сылтау айтып, қыздан интимдік суреттер мен бейнежазбалар сұратқан.

ІІМ қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстаған. Полиция оның кінәсін мойындағанын хабарлады. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жүріп жатыр. Оның басқа да осындай оқиғаларға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Ішкі істер министрлігі ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерін олардың интернетте кіммен сөйлесетінін бақылауға шақырды. Әсіресе әлеуметтік желілердегі, онлайн ойындардағы және мессенджерлердегі таныстықтарға назар аударып, балаларға интернетте өзін қалай қауіпсіз ұстау керегін түсіндіруді сұрады.

Войдите, чтобы оставить комментарий