Қонаевта төрт қызға тиісті деп айыпталған ММА жаттықтырушысы қамауға алынды

09.10.2026 • 15:25 Қарақат АСЫЛОВА
Қонаевта төрт қызға тиісті деп айыпталған ММА жаттықтырушысы қамауға алынды
190
Фото: gov.kz

Алматы облысының Қонаев қаласында кәмелетке толмаған қыздарға жыныстық сипаттағы тиісу әрекеттерін жасады деген күдікке ілінген ММА жаттықтырушысы қамауға алынды. Оған қатысты тергеу екі жылға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Astanatv телеарнасына сілтеме жасап.

Төрт қыздың ата-анасы жаттықтырушыны балаларына қатысты заңсыз әрекеттер жасады деп айыптайды. Олардың айтуынша, оқиға кезінде қыздар 10 мен 13 жас аралығында болған.

Ата-аналардың сөзінше, күдікті әрекеттер спорт залында, көлікте және басқа жерлерде болған. Олар істің әділ тергеліп, жаттықтырушының қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етеді.

«Біз сеніп тапсырған кәмелетке толмаған балаларымыз жыныстық сипаттағы тиісу әрекеттеріне тап болды. Бұл жай сөз емес, балаларымыздың балалық шағы мен болашаққа деген сеніміне әсер еткен ауыр жағдай. Бірнеше ай бойы балалармен беттестіру жүргізіліп, психологиялық сараптамалар жасалды», деді ата-аналар.

Ал күдіктінің туыстары тағылған айыппен келіспейді. Олар жаттықтырушыға жала жабылғанын айтып отыр.

Ұсталған ер адамның әйелі Алтынай Қалепова сол спорт залында әкімші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, шағымдардың түсуіне жаттығу кезіндегі тәртіпке байланысты жанжал себеп болуы мүмкін.

«Күйеуім көптеген баланы жаттықтырып, әлем және Азия чемпиондарын тәрбиеледі. Сол кезде халықаралық жарыстарға дайындық жүргізуі керек еді. Ал арыз жазған қыздар жаттығуда үнемі күліп, кешігіп келетін. Кейде мүлде қатыспайтын. Күйеуім оларға бір апта келмей тұруды айтқан. Біздің ойымызша, олар осыған ренжіген болуы мүмкін», деді Алтынай Қалепова.

Әйелінің айтуынша, күйеуі бұған дейін бірнеше рет 72 сағатқа ұсталып, кейін босатылған. Қалепова мұны қамауда ұстауға жеткілікті негіздің болмауымен байланыстырады.

Бірақ 6 қазанда сот жаттықтырушыны 2 айға қамауға алуға санкция берді. Жәбірленуші тарап оның қайта босатылуы мүмкін деп алаңдайды.

Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сәйділдин тергеу жалғасып жатқанын растады.

«Қылмыстық іс аясында болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. 6 қазанда күдікті сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды», деді Ернар Сәйділдин.

Күдіктінің адвокаттары оны қамаудан босатуды талап етіп отыр. Қорғаушылардың пікірінше, ер адамның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ.

Олар жаттықтырушының кінәсін дәлелдейтін айғақтар болған жағдайда оның әлдеқашан жауапқа тартылатын еді деп есептейді.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Істің мән-жайына түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий