Жетісу облысында сегізінші сынып оқушысы қаза тапты: күдікті ұсталды

09.10.2026 • 16:06 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жетісу облысында сегізінші сынып оқушысы қаза тапты: күдікті ұсталды
244
Фото: Pixabay.com

Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Алмалы ауылында сегізінші сынып оқушысы қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім сыныптасымен жанжалдасқаннан кейін көз жұмған, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл ақпаратты редакцияға Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сабақтан кейін сыныптастар арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейіннен көз жұмған», деп хабарлады полиция.

Бейресми ақпарат бойынша, қаза тапқан бала сегізінші сыныпта оқыған. Сондай-ақ оқушының пышақ жарақатын алғаны туралы мәлімет бар.

Полиция күдіктінің ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады.

«Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды», деп мәлімдеді полиция.

Тергеу Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің басқа мәліметтері жарияланбайды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий