«Қазақмыс» тоғыз айдағы жұмыс қорытындысын Балқашта жариялады

09.10.2026 • 16:37 Қарақат АСЫЛОВА
«Қазақмыс» тоғыз айдағы жұмыс қорытындысын Балқашта жариялады
88
Фото: Қазақмыс корпорациясы

«Қазақмыс» компаниясы 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарды. Балқашта өткен кездесуде өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның мәліметінше, кездесуге 650-ден астам қызметкер қатысты. Жиынға «Қазақмыс» басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков қатысты.

Бұған дейін, мамырда, компания басшылығы жұмысшылармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдаған. Қызметкерлер техника, медициналық қызмет, тамақтану, тұрмыстық жағдай және қажетті жабдықтар мәселесін көтерген.

Бұл жолы компания басшылығы аталған мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырды.

«Жаңа команда үшін жұмыскерлердің өтініштері хаттамалар мен хат алмасулар аясында ғана қалып қоймауы аса маңызды. Егер мәселе көтерілсе, ол бойынша шешім қабылданып, жауапты тұлға белгіленіп, орындалу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс», деді Руслан Өскенәлі.

«Қазақмыс» мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында компанияның өз қызметкерлері арасында адам өліміне әкелген жазатайым оқиға тіркелмеген. Өндірістік жарақаттану көрсеткіші 40 пайызға төмендеген.

«Qauipsizdik Start» бағдарламасы бойынша 5,7 мыңнан астам қызметкер бастапқы оқудан өтті. Тағы 300-ден астам басшы мен маман «Батыл көшбасшылық» семинарларына қатысты.

Кәсіпорындарда жеке қорғаныс құралдары жаңартылып, оқу полигондары ашылып жатыр. Тау-кен техникасының адамдарды қағып кетуіне жол бермейтін жүйелер сынақтан өткізілуде.

Өндірістік жабдықтар мен шахталардың желдету жүйелерін жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Компания геологиялық барлау нәтижелерін де жариялады. Тоғыз айда бұрғылау көлемі 103 мың қума метрден асып, кен қоры 1,75 миллион тоннаға ұлғайған.

Қазір жұмыс істеп тұрған кен орындарының терең қабаттары мен жаңа учаскелер зерттеліп жатыр.

Компанияның хабарлауынша, қаңтар мен қыркүйек аралығында концентраттағы және катодты мыс өндіру жоспарланған қарқынмен жүргізілген. Өндірістік бөлімшелердің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілген.

Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Тау-кен техникасы, байыту фабрикалары мен металлургиялық қуаттар да жаңғыртылуда.

Компания өндіріс тиімділігін арттыруға, жабдықтардың сенімділігін қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге басымдық беріп отыр.

Жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында 81 санитарлық-тұрмыстық нысан жаңартылған. Арнайы киім сақтауға арналған 7 149 шкаф жеткізілген.

Балқаш, Қарағанды және Жезқазған өңірлерінде бірыңғай тамақтандыру операторына көшу жүзеге асырылған. Ол тәулігіне 10 мыңнан астам қызметкерге қызмет көрсетеді.

2026 жылы «Қазақмыстың» ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуге бөлген бюджеті екі еседен астам өскен. Қаржы көлемі 23,1 миллиард теңгеге жеткен.

Барлығы 354 нысанды жөндеу жоспарланған. Оның 157-сінде жұмыс аяқталған.

Компания қызметкерлер мен олардың отбасыларына көрсетілген әлеуметтік қолдау туралы да мәлімет берді.

Тоғыз айда 3 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге материалдық көмек көрсетілген. Тағы 1 726 қызметкердің шипажайда емделу шығыны өтелген.

Бұдан бөлек, қызметкерлерге 34 пәтер тегін берілген. Компания 1 200 баланың жазғы демалысын ұйымдастырған.

Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өндірісті жаңғырту қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартумен қатар жүруі керегін айтты.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр: өндірісті жаңарту, жабдық пен инфрақұрылымды жаңғырту, шикізат базасын дамыту, кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыру. Алайда осы жобалардың барлығында басты назарда адам тұруы тиіс», деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Кездесу соңында жұмысшылар басшылыққа сұрақтарын қойды. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер бойынша жауапты тұлғалар мен орындалу мерзімдері белгіленді.

«Қазақмыс» мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен 418 жұмыс кездесуі өткен. Компания мұндай кездесулерді жалғастырып, көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауда ұстайтынын хабарлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий