Қордай шекарасындағы «лас ту» жұрттың ашуын туғызды: ҰҚК не дейді?
Threads әлеуметтік желісінде Қырғызстанмен шекарада орнатылған Қазақстанның мемлекеттік туы лас күйде тұр деген видео таралып, қазақстандықтардың қызу талқысына түсті. Алайда Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бейнежазбаны жариялаған азаматтың айтуынша, ол Жамбыл облысындағы Қордай өткізу пунктінен өткен кезде мемлекеттік тудың қатты лас болып тұрғанын байқаған.
«13 шілде. Қордай шекарасы. Біздің республикамыздың туы әбден кірлеп кеткен», – дейді видео авторы.
Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл жағдайға наразылық білдіріп, мемлекеттік рәмізге жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуды талап етті.
«Егер дәл осындай ту қарапайым азаматтың балконында ілініп тұрса, оған бірден айыппұл салар еді», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
ҰҚК Шекара қызметі редакциямызға әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
«Тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді ведомство.

Сондай-ақ ҰҚК редакцияға Қазақстанның мемлекеттік туының қазіргі жай-күйін көрсететін суретті ұсынып, мемлекеттік рәміздің тиісті талаптарға сай жағдайда тұрғанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар