Қостанай әкімінің саяжайларға газ тартуға тыйым салу бастамасы сынға қалды

25.12.2025 15:41 Арман Ермеков Арман Ермеков
Қостанай әкімінің саяжайларға газ тартуға тыйым салу бастамасы сынға қалды
0
365
Фото: instagram.com/marat_zhundubaev

Қостанай әкімінің саяжайларды газдандыруға тыйым салу бастамасы тұрғындардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды «HALYQSTAN» арнасына.

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев саяжай аумақтарын көгілдір отынмен қамту жұмыстарын тоқтата тұру туралы ұсыныс білдірді. Шаһар басшысының бұл бастамасы қоғам тарапынан қызу талқыға түсіп, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр.

Қала әкімшілігі басшысының сөзінше, саяжай үйлері жыл бойы тұрақты мекендеуге арналмаған. Ол 2019 жылы бау-бақша серіктестіктерінде тіркелуге рұқсат берілгенін, соның салдарынан халық жаппай сонда қоныстана бастағанын алға тартты. Шенеунік мұны дұрыс емес деп санайды және жағдайды гараж кооперативтерімен салыстырды. Оның пайымынша, егер адамдарға саяжайда тұруға рұқсат етілсе, ертең олар гараждарға да қоныстана бастауы мүмкін. Әкім егер саяжайға газ құбыры тартылса, кейін тұрғындар асфальт төсеуді де талап ететініне алаңдаушылық білдірді.

Алайда қала тұрғындары әкімнің бұл логикасын түсінбей дал болуда. Әлеуметтік желі қолданушылары гараждарда тіркелуге кім және қашан рұқсат бергені белгісіз екенін жазуда. Көпшіліктің пікірінше, мыңдаған отбасының қысы-жазы саяжайда тұруының басты себебі - қаладағы жайлы пәтерлерді сатып алуға қаражаттарының жеткіліксіздігі. Тұрғындар әкімнің халықтың әлеуметтік жағдайын түсінгісі келмейтініне қынжылыс білдірді.

Бұған қоса Марат Жүндібаев саяжайлардағы өрт қауіпсіздігі мәселесін және адам шығынын, оның ішінде 2023 жылы екі баланың қаза тапқанын мысалға келтірді. Дегенмен қостанайлықтар бұл дәлелмен келіспейді. Себебі коммуналдық қызметтер қауіпсіздік нормаларына сай қамысты ора уақытында тазаламайды. Оның үстіне әкім тілге тиек еткен балалардың өлімі саяжайда емес, Жағалау көшесіндегі тұрғын үй секторында болғаны анықталды.

Жергілікті қоғамдастықта әкімнің бұл қадамының астарында басқа себеп жатыр деген болжам бар. Оған бюджеттен жүздеген миллион қаржы бөлініп салынған шалғайдағы «Қонай» жаңа шағын ауданына қоныстанушылардың аздығы түрткі болуы мүмкін. Бағасы тартымды болғанымен, қала шетінен үй алғысы келетіндер қатары сирек.

Қазіргі уақытта әкімдік саяжайларды газдандыруға тыйым салудың жолдарын қарастыруда. Алайда техникалық шарттарды беру - мемлекеттік қызмет және қолданыстағы заңнама мен нормативтік құжаттар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуына тікелей тыйым салмайды.

Үйлеріне газ тартып үлгерген немесе қомақты қаржы жұмсап қойған саяжай иелері мәселенің соңы үлкен дауға ұласатынын ескертуде. Егер жергілікті биліктің кесірінен шығынға ұшыраса, олар әкімдікті сотқа беріп, өтемақы өндіріп алуға ниетті.

 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий