Қостанайда 120 пайызбен қарыз берген ер адам сотталды

Қостанайда 120 пайызбен қарыз берген ер адам сотталды
Қалиев 2008 жылғы алғашқы сотында/Фото: ng.kz

Қостанай облысында адамдарға жылдық 120 пайызбен қарыз берген 58 жастағы Серік Қалиев сотталды. Оның заңсыз қаржы айналымы бір миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қалиев 2018 жылдан бастап адамдарға айына 8 бен 10% аралығында өсіммен ақша берген. Клиенттерін әлеуметтік желі арқылы тауып, қарызды нотариус арқылы рәсімдеген.

Құжатта берілген ақшадан әлдеқайда көп сома көрсетілген. Мысалы, адамға 10 миллион теңге берсе, келісімшартқа 15 миллион теңгеге жуық қарыз жазған. Оны 4 ай ішінде қайтаруды талап еткен.

Қарыздың кепілі ретінде пәтерлер алынған. Ақшасын уақытында қайтара алмағандардың берешегі одан әрі өскен.

Жәбірленушілердің бірі 13 миллион теңгедей қарыз алған. Ол пайыздарын төлеп жүрсе де, ақырында 26 миллион теңге берешек болып қалған.

Тергеу мәліметінше, Қалиевтің әрекетінен 46 адам зардап шеккен. Заңсыз қаржы айналымы бір миллиард теңгеден асқан.

Қалиев төрт пәтер, үш жер телімі, зәулім үй және үш көлік сатып алған. Мүлкінің бір бөлігін басқа адамдардың атына рәсімдеген.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның әрекетін заңсыз микроқаржылық қызмет және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру деп бағалаған.

Қалиев сотта кінәсін мойындамаған. Сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды. Рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 2 жыл 8 айға қысқартылды.

Сотталған адамның барлық жылжымайтын мүлкі мен көліктері тәркіленді.

Сот Қалиевтің заңсыз келісімдерін рәсімдеген төрт нотариустың жұмысын тексеруді де тапсырды.

Үкім кеше, 15 қазанда заңды күшіне енді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу