Қожамжаровтың туысына тиесілі ғимарат ақыры сүрілетін болды

08.07.2026 12:39 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қожамжаровтың туысына тиесілі ғимарат ақыры сүрілетін болды
222

Тараз орталығындағы даулы 3 қабатты ғимарат заңсыз салынған деп танылып, иесі оны өз қаражаты есебінен бұзуға міндеттелді. Бұл туралы Orda.kz жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жамбыл облысының апелляциялық соты ғимарат иесі Жандар Құтбайдың шағымын қанағаттандырмады. Қаулы заңды күшіне енді, дегенмен тараптардың кассациялық шағым түсіруге 6 ай уақыты бар.

Жамбыл даңғылындағы бұл жер учаскесі 2011 жылы сатып алынған. 2016 жылы әкімдік тиісті жоба жасалғаннан кейін ғана 3-қабатты қосуға рұқсат берген. Алайда тексеру барысында иесінің ескі 2 қабатты ғимаратты толық бұзып, орнына ешқандай жобасыз әрі сараптамасыз жаңадан іргетас құйып, қызыл сызықтан шығып кеткені анықталды. Ол әкімшілік жауапқа тартылып, ескерту алғанымен, оны мүлдем елемеген.

Сараптама қорытындысы бұл жай ғана қайта жаңғырту емес, тұтас темірбетоннан салынған жаңа нысан екенін дәлелдеді. Құрылым біртұтас болғандықтан, ғимаратты жартылай бұзу мүмкін емес екені белгілі болды.

Меншік иесінің анасы Дария Қожамжарова Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы әрі экс-бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың туған апасы болып шықты. Бақылаушылар бұл нысанның 20 жыл бойы бақылаудан тыс қалуын осы фактімен байланыстырады.

Еске салсақ, бұған дейін бірінші сатыдағы сот бұл ғимаратты заңсыз деп танып, оны бұзу туралы үкім шығарған еді. Тараздағы 4 проблемалық құрылыстың 3-еуі 2023 жылы пайдалануға берілген. Ал Құтбайға тиесілі бұл нысан қаладағы ең соңғы әрі "тиісуге болмайтын" ғимарат саналып келді.

Войдите, чтобы оставить комментарий