Құдай-құдағиымның алдында абыройлы болғым келеді – Ләйлә Сұлтанқызы
Танымал тележүргізуші желіде өмірден өткен жұбайына қатысты жазба жариялап, оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды , деп хабарлайды POLITICO.KZ.
"Өмір сүруге бір-ақ мүмкіндік... Сізде де, менде де. Жалғыз берілген «өмір» атты мүмкіндігімде осындай сынақ келді. Қалай көтерудемін дейсіз бе? Қалай көтеруші едім. Қабылдау 5 этаптан тұрады десе, соның бір сатысында ұзақ кідіруің мүмкін. Уақыт емдемейді, жай ғана жеңілдетеді. Өмірлік қағида, отбасыдағы ереже мен дәстүр, ұстаным — ештеңе өзгерген жоқ. Бәрі сол қалпы. Тек азаматым жоқ. Әдеттегідей жиі қонақ күтеміз, жұма сайын құран оқып, иіс шығарамыз. Тек енді төріміз бос. Әдеттегідей демалыста отбасымызбен түстенеміз. Тек енді отағасы жоқ. Әдеттегідей жырақта жүрсек, күнде кешке видеомен байланысамыз. Тек енді әкесіз. Әдеттегідей апта сайын гүл аламын. Тек енді жарым емес, өз-өзіме не ұлдарым сыйлайды. Білесіз бе, бүгінге еңсемнің тік жетуі — уақыт пен ішкі мінезімнің, балаларға қарап алатын мотивациямның арқасы. Мен жыласам да, олар жыламау керек. Маған жаңа дем сыйлаған — Мәриям қоры , анаммен жүргізген хабарлар мен @sultankyzy_oxford @sultankyzy_slim. Ендігі мақсат - екі ұлды адам қылып, жеткізу. Ертең құда-құдағиымның алдында абыройлы болғым келеді. Бірдеңені бастамас бұрын «Қайреке қалай қабылдар еді, не деп айтар еді?» деп өзімнен сұраймын. Қысқасы, қандай жағдай болмасын: Әке — асқар тау. Әке — үлгі. Әке — кеңесші. Әкенің айтқаны — заң. Сондықтан менікіндей ауыр жүкті арқалап жүрген тағдырластарым! Сіз бен біздің жүзіміздегі күлкі, еңбек, даму — балаларымыздың жарқын болашағы, өзіміздің денсаулығымыз бен ішкі тыныштығымыз. Жаныңызға жақын іс табыңыз. Алла жеңілдігін берсін! Енді көрсетпеймін, жазбаймын, айтпаймын деген уәдем жыл сайын 6 қарашада бұзылады…", - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желіде.
Соңғы жаңалықтар