Құлыбаевпен байланыстырылатын компания «Самұрық-Қазынадан» шамамен 300 млн теңге талап етті

21.09.2026 09:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Құлыбаевпен байланыстырылатын компания «Самұрық-Қазынадан» шамамен 300 млн теңге талап етті
179
Фото: Самұрық-Қазына

«ТЭК-Казахстан» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорынан мүлік сатып алуға және нысандарды жақсартуға жұмсаған ақшасын сот арқылы қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

«Нефть и Газ Казахстана» мәліметінше, компания Қазақстанның тұңғыш президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың бизнес құрылымдарымен байланысты.

Компания 2026 жылғы маусымда сотқа жүгінген. Ол мүлікті сатып алу-сату шарттары бойынша төлеген 239 млн теңгені қайтаруды сұрайды. Бұған қоса нысандардың ажырамас бөлігіне айналған жақсарту жұмыстарына кеткен шығын үшін 45,413 млн теңге өтемақы талап еткен.

Даудың негізі 2001 жылы жасалған мүлікті сатып алу-сату шарттарына тіреледі. Бұл шарттар «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы «Қазақстан темір жолы» мен «ТЭК-Астана», «ТЭК-Батыс» және «ТЭК-Алматы» компаниялары арасында жасалған. 2023 жылы Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты оларды жарамсыз деп таныған.

Аталған компаниялар кейін бірігіп, «ТЭК-Казахстан» сауда үйі деп аталған. Ал отын қоймаларына меншік құқығы «ТЭК-Казахстан» ЖШС атына тіркелген.

Дереккөзде ұлттық теміржол компаниясының бұрынғы отын инфрақұрылымын 2021 жылғы қарашада Құлыбаевқа жақын құрылымдар жекешелендіргені жазылған. Үш жылдан кейін заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару аясында Бас көлік прокуратурасы сотқа талап арыз берген. Соның нәтижесінде «ТЭК-Казахстанның» 54 нысаны – отын қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар мемлекет меншігіне қайтарылған.

Қазір «ТЭК-Казахстан» сауда үйі» ЖШС-нің екі құрылтайшысы бар. Олар – «Қамқор менеджмент» ЖШС және Қазақстан азаматы Луиза Бахтияровна Аканова. «Қамқор менеджменттің» құрылтайшылары қатарында Joint Technologies, Диас Сулейменов және өзге де тұлғалар бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий