Құралай ханым: Күйеуім "алдымнан қамажай билеп шық" деп айтатын

31.08.2026 10:18 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құралай ханым: Күйеуім
180
Фото: Құралай ханымның инстаграм парақшасынан

Танымал психолог әрі блогер Құралай ханым отбасылық өмірдегі күрделі кезеңдері мен оның кәсіби өсуіне тигізген әсері туралы бөлісті. Оның айтуынша, отбасындағы түсініспеушіліктер мен психологиялық қысым оны ізденуге және білімін арттыруға итермелеген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Құралай ханым журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.

«Иә, өте қиын болды. Қазір жолдасым өзі де: «Мен абьюзер болған екенмін ғой», – деп айтады. Расында да, өте қиын болды. Бірақ менде сол қиындық болмаса, сәйкесінше, бүгінгідей Құралай болар ма едім? Жолдасым телефон шұқымауды, өзі келген кезде тамақты дайындап қоюымды сұрайтын, «Алдымнан қамажай билеп күтіп ал» дейтін. Кәдімгідей біздің шығыс менталитетіне сай, үстелді бір қоятын мінезі бар еді. Бір жағынан, мен де сондай жолдасты өзім таңдап тұрмысқа шықтым ғой. Өйткені сол кездегі өзімді-өзім бағалау деңгейіме байланысты маған дәл сондай адам керек болғандай еді. Және де қуанамын, себебі сол кезде сондай бір қатты қиындық болмаса, мүмкін, ауылда екі сиырды сауып отыра берер едім», – деді Құралай ханым.

Сонымен қатар, психолог өзінің білім алу және шетелдік ретриттерге қатысу тәжірибесіне де тоқталды. Ол оқу сапарларын отбасында қалай ұйымдастырғанын және қаржылық жағынан қалай қамтамасыз еткенін баяндады.

«Содан соң іздендім, психология саласына келдім. Жыл сайын Симферополь, Турция, Мәскеу сияқты жерлерге ретриттерге баратын едім. Ауылға қайтып келгенде, сол жақтан алған білімім мен қуатым маған бір жылға дейін жететін. Осыдан соң 11 ай бойы жұмыс істеп, ақша жинайтынмын. Сосын балаларымды, құрбыларымды, жеңгем мен туыстарымды қасыма алып баратынмын, ал күйеуім бізді жіберетін. Жолдасыма «сабаққа барамын» демей, «демалуға барамын» деп айтатын едім. Ауылда сол 2005 жылдары адамдардың Турцияға барып демалуы үлкен «бум» болды ғой. Жолдасым үшін бұл да бір мақтаныш, абырой сияқты көрінді. Сол себепті бізді балалармен бірге жібергеніне өзі де қуанатын. Ал біз барып, қыздарым теңізге түсетін. Шын мәнінде, мен оны тапқырлықпен, ойын арқылы алдайтын едім. Сол кездегі әрекеттеріме қазір өте ұяламын», – деді Құралай ханым.

Войдите, чтобы оставить комментарий