Құралай ханым: Табыттың ішіне тірідей жатқызып, жаназамды шығарды
Белгілі психолог, коуч Құралай ханым өмірлік дағдарыстан қалай шыққанын және «табыт терапиясы» әдісінен алған әсерін айтып берді. Сондай-ақ ол психологиялық терапияның жақындарымен қарым-қатынасына, депрессияны жеңуіне және кәсіби іс-әрекетіне қалай ықпал еткенін баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы психолог Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.
«Табыт терапиясының» ерекшелігін түсіндірген психолог өз басынан өткерген ауыр кезең мен отбасы мүшелерімен қоштасу сәтіне тоқталды.
«Психологияда «табыт терапиясы» деген әдіс бар. Оны мықты психологтар медитация арқылы жасайды. Ол кезде құлағыңа құлаққап кигізіп, жаназа шығарып жатқандай медитация жүргізеді. Алдымен табытқа жатқызып, қасыңда тұрған ұстаз медитация жасайды. Сосын мешіт, табытқа салынған сәт, жаназа сияқты көріністер болады, имамның даусын қояды. Осылайша толығымен өліп бара жатқандай қоштасасың. Оны жасауға бәріне бірдей кеңес бермеймін, себебі бұл өте қиын. Өз басымнан да ауыр сынақтар өткен еді. Сол кезде ең алдымен көзіме жолдасым келді. Жолдасыммен қоштасып: «Жақсы, сау бол», — дедім. Астыңда көлігің, үйің бар, 50-ге келдің. Енді кез келген адамды кезіктіріп, ары қарай өміріңді сүресің ғой деген оймен рахмет айтып, кешірім сұрап қоштастым. Балаларыммен де дәл солай қоштастым. Балаларым ренжімесін, қыздарымның үлкендері 5 тіл, қалғандары 3 тіл біледі. Төрт қызымның әрқайсысымен қоштасып, төртіншісін үлкен қызыма тапсырып: «Енді сіңіліңе қарайсың», — дедім. Сондай терапияда жаттым», — деді Құралай ханым.
Терапия барысында анасын елестету арқылы қайта жігерленгенін айтқан ол кейін еліміздің бірқатар өңірінде семинарлар ұйымдастырғанын жеткізді.
«Содан кейін екі ұлым әкелеріне өте жақын. Мен оларды туғаннан «әкесінің тәрбиесін алсын» деп солай тәрбиеледім. Көп жағдайда жүрегім үзіліп тұрса да, араларына кіріспей: «Әкеңдікі дұрыс, әкеңнен сұра, ақша бермеймін», — деп үйреттім. Олар әкелеріне өте жақын болғандықтан, «өлмейсіңдер» деп олармен де қоштастым. Себебі босап, өліп бара жатқандай едім. Дәл бір тірі өлік сияқты күйде бардым. Бір кезде анам келді. Әкем мен анам мені кішкентай кезімнен «Куся» деп еркелетеді. Медитация кезінде анам «Куся» деп келгенде, атып тұрдым. Жақында ғана бауырымнан айырылған едік, біз 3-4 ай бұрын. Қазір мені де жоғалтса, анам жалғыз қалады ғой. «Мамам үшін өмір сүремін, анамнан кейін кетемін, мен өлмеймін» дедім. Медитацияға жатқызған кезде қасымызда 7-8 адам бар еді, бәрі әлі жатыр екен, ал мен орнымнан тұрып кеттім. Сонда ұстазым: «Ең бірінші нәтиже сенде болды, ең бірінші болып аяққа тұрып кеттің. Болды, сен тірісің, өлмейсің», — деді. Негізі мұндай психологиялық орталыққа адамдар тығырыққа тірелгенде, әртүрлі дағдарысқа ұшырағанда немесе ақшасынан айырылғанда барады ғой. Сені матамен жауып қояды. Сонда мен оянып, бойымды тіктеп: «Мен өмір сүремін, мамам үшін өмір сүремін! Анам менің сахнада қақайып тұрғанымды көруі керек», — дедім. Осыдан кейін еліміздің төрт аймағына — батыс, шығыс, оңтүстік пен солтүстікке семинар ұйымдастырдым. Анам — Адайдың қызы, Маңғыстаудың тумасы. Ең бірінші Маңғыстаудан бастап, анамды ұшақпен ұшырып апарып, алдыма отырғызып қойдым. «Міне, мен сахнадамын, тірімін» дедім. Содан кейін іштей анама: «Сіз үшін, болашақ үшін құламауым керек, аяққа тұруым керек» деп уәде бердім», — деді коуч.
Сөз соңында ол бастан өткерген бұл қиындықтардың психолог ретіндегі кәсіби тәжірибесіне және келушілерді тереңірек түсінуіне ықпал еткенін атап өтті.
«Аяққа тұру өте қиын болды. Қоғамда буллингке ұшырап, өзіне қол жұмсаған қаншама қыздар бар. Мен де сондай дәрежеге жеткен едім. Бет қарауға ұят болды, «досқа күлкі, дұшпанға таба» болдым. Сол кездері өте ауыр еді. Сондықтан өзіме «құламауым керек» деп сөз бердім. Кейде баланың да, күйеудің де керегі жоқ болып, бәрінен бас тартып кететін адамдарды түсінемін. Өз басымнан өткен сынақтарды ойлап отырсам, қазір қайта атыма мініп, семинарлар өткізіп жүргенім — Құдайдың мені осындай ауыр сынақтардан өткізуі екен. Соның арқасында алдыма келген адамды жақсы түсінемін. Ол қандай жағдай болсын: күйеуімен, анасымен қатынасы бұзылған, ақшадан тарыққан, досы сатқан немесе бизнесте миллиондаған қаржысын жоғалтып жылап отырған адамдарды жай сөзбен немесе теориямен емес, жан-тәніммен сезінемін. Олардың қазір қандай тұңғиықта отырғанын түсінемін, себебі өзім де соны бастан өткердім. Алдан жылап келген адамға жай ғана кеңес бермей, «өліп-тірілудің» қандай болатынын өз бойымнан өткіздім. Алла мені осылай сынап, қазіргі кәсібіме, өмірлік миссияма дайындаған шығар деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бұл туралы алғаш рет айтып отырмын», — деді психолог.
Соңғы жаңалықтар