Танымал блогер экс-жігітінің өзіне қол көтергенін айтты

18.09.2026 20:37 Томирис САҒЫНДЫҚ
Танымал блогер экс-жігітінің өзіне қол көтергенін айтты
264
Фото: instagram.com/bota_mia

Блогер Бота Миа қарым-қатынастағы қысым тақырыбының неге ашық қозғалмайтынын, өз басынан өткен жағдайлар мен бұл мәселенің авторлық контентінде қалай көрініс табатынын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы танымал блогер НТК арнасының «Не дейді?» бағдарламасында баяндады.

Блогердің сөзінше, қарым-қатынастағы зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда әлі де жабық тақырыптардың бірі болып қала береді.

«Негізінде, әрбір Reels-ті түсірген кезде оны іштей сезініп жасауға тырысамын. Жалпы, кез келген рөлді терең сезінгенді ұнатамын. Сөздің турасын айтқанда, Қазақстанда ашық айтыла бермейтін түйткілді жағдайлар өте көп. Тіпті жақын таныстарымыздың, отбасымыздың немесе достарымыздың арасында да осындай жайттар кездесіп жатады. Кейде мұндай сорақылықтар қалыпты жағдай сияқты қабылданып кетеді. Бұған дейінгі берген интервьюімде де бөліскенімдей, менің де басымнан мұндай жағдайлар өтті. Сондықтан бұл мәселе маған өте жақын әрі таныс. Ер адамның қол көтеруі, тұрмыстық немесе қарым-қатынастағы зорлық-зомбылық түрі ашық айтылмағандықтан, қоғамда жабық тақырып болып қала береді», – деді Бота Миа.

Сонымен қатар ол жастық шағында болған психологиялық әрі физикалық қысым тәжірибесін бөлісті.

«Осы сұхбатта да бұл туралы ашық айттым. Ол кезде жас едім, қарым-қатынаста өз шекараларымды қалай қою керектігін де білмейтінмін. Құрбыларымның бәрі жігіттермен жүріп жатқан соң, мен де жаныма ең әдемі, ең мықты жігітті серік еткім келді. Бірақ ондай абьюзер адамдардың артында не жатқанын білесіздер ғой: басында өте керемет қамқорлық танытып, әдемі сөздер айтады. Қазіргі жас қыздарға қарасаңыз, саналы әрі көзі ашық. Олар абьюзерді бірден танып, бойын аулақ ұстайды. Ал ол кезде мен бар болғаны 18-19 жастағы бала едім, көңілім өте ақ болатын. Кейде бірдеңеге ренжітіп немесе түртіп қалса да, күліп өте шығатынмын. Соңы кәдімгідей қол көтеруге ұласқан кезде де: «Бұл – қалыпты жағдай, бұл туралы ешкімге айтпау керек» деп ойладым. Оны тек екі адамның арасында болуы тиіс жағдай деп қабылдап, тіпті жақын құрбыларыма да тіс жармадым. Бірақ бірде құрбыларым бәрін біліп қойып: «Неге бұны жасырасың? Мен сені бұлай қорлауға жол бермеймін!» – деп маған ұрысты. Содан кейін ғана жастығым мен тәжірибесіздігімнен көз жасына ерік бердім», – деді блогер.

Бұдан бөлек, Бота Миа жеке өмірдегі психологиялық соққылардың авторлық видеолардың мазмұнына қалай әсер ететінін түсіндірді.

«Қазір Threads немесе Instagram желілерін ашсаңыз, осыған ұқсас өте қайғылы жаңалықтарды жиі көресіз. Ондай ақпараттарды оқығанда қыз баласының ішкі жан дүниесі қаншалықты ауырып тұрғанын жүрегіммен бірден сеземін. Мен дайындаған видеолардың халықтың жүрегіне жететін себебі де содан болар. Өйткені басымнан өткен, іштей сезінген әлсіздік пен шарасыздықты шынайы жеткізе аламын. Видеоны қарасаңыздар, қысқа ғана сюжеттің ішінде үлкен драма мен терең мағына жатыр. Қайта қарап отырсаңыз, ондағы қыздың жанында сүйенер ешкімі жоқ. Қазіргі қоғамда мұндай оқиғалар өте жиі кездеседі. Айтып өткенімдей, мен тіпті құрбыларыма айтуға қорықтым. Ал біздің қоғамда тұрмысқа шыққан қыздарға: «Тастай батып, судай сің», «Ұят болады» дегенді айтып, сабырға шақырады. Төзуге де болар еді, бірақ бұл барлығына бірдей шешім болмайды. Ол қарым-қатынас бір жылға созылды. Алғашқы жарты жылда бәрі керемет болғанымен, кейінгі жарты жылында осындай өкінішті жайттарды бастан кешірдім. Толығырақ басқа берген сұқбатымда егжей-тегжейлі айтып бергенмін, сондықтан бұл жасыратын нәрсе емес. Егер қазір мен бұл туралы күліп-ойнап, жай ғана кезекті видео түсіргендей айтсам, ол өтірік болып шығар еді. Меңзегім келгені – мен түсірген әрбір Reels-тің астарында өз өмірім жатқандықтан, ол көрерменнің жүрегіне жол табатын шығар», – деді Бота Миа.

Войдите, чтобы оставить комментарий