"Қытайдан қорқу – дамуға тұсау": Саясаттанушы Берік Уәлидің шулы мәлімдемесіне араша түсті
Қазақстандық белгілі қытайтанушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Әділ Қаукенов Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қытайлық инвесторлар мен жұмысшыларға қатысты айтқан пікірін қолдап, арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жақында әлеуметтік желіде өңір басшысының халықпен кездесуінен үзінді тараған еді. Онда жиналғандардың кейбірі "қытайлықтардың тым көбейіп кеткеніне" алаңдаушылық білдірген болатын. Алайда, сарапшының пайымынша, мұндай үрей – аймақтың инвестициялық әлеуетін және жаһандық экономиканың заңдылығын жете түсінбеуден туындап отыр.
«Жақында Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қытайлық инвестициялар туралы мәселе көтерген видеосын көріп қалдым.
Алайда, қатысушылардың бірі қытайлықтардың тым көбейіп кеткеніне және бұл халықтың бір бөлігінде алаңдаушылық тудыратынына қатысты қаупін білдірді.
Қазақстан аймақтарының инвестицияға қаншалықты мұқтаж екенін және Қытайдың әлемдегі ең ірі инвестор екенін жұрттың әлі күнге дейін түсінбейтіні таңғаларлық.
Әкім өз жауабында маңызды тұстарды нақты атап өтті: бүгінде бүкіл әлем қытайлық капитал үшін бәсекелесуде, өйткені оларда қаржы да, технология да, жобаларды жүзеге асыру жылдамдығы да бар. Ал бұдан қорқу – даму жолын жабу деген сөз.
Қазіргі экономика қомақты қаржы құйылмаса, алға баспайды. Экономика өсуі үшін жобалар, ақша және инфрақұрылымды тез іске қоса алатын адамдар қажет.
Қытайлық мамандардың осында келуінің себебі де – сол. Олар мұнда біржола қалу үшін емес, нақты жұмысты атқарып, бізде жылдар бойы тоқтап тұрған жобаларды жандандыру үшін келеді. Олар өз ісін тындырады, ал жұмыстарының нәтижесі қазақстандықтарға қалады.
Сонымен қатар, өзіміздің азаматтар үшін де мүмкіндіктер ашылады. Уәли атап өткендей, өңірде жаңа құрылыстар мен кәсіпорындар іске қосылғанда, қызмет көрсетуге, тауар жеткізуге және сервиске деген сұраныс әрқашан артады.
Біреулер Қытаймен саудада өз орнын тапса, енді біреулер осында келген компанияларға қызмет көрсете алады. Шын мәнінде, мұның пайдалы тұстары өте көп.
Сондықтан Уәлидің ұстанымы өте орынды. Бұдан қауіп іздегенше, мұндай жобаларды өсу құралы ретінде қабылдаған дұрыс. Дамуға мүмкіндік туып тұрғанда, ойдан шығарылған бос үрейге бой алдырмай, алға ұмтылып, әлемге ашық болу қажет», – деп атап өтті Қаукенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Берік Уәли Аягөз ауданының жұртшылығымен кездесуде қонақүйлердегі қытайлық азаматтардың қарасы көбейгеніне қатысты түсініктеме берген еді.
Соңғы жаңалықтар