Қызылордада Даму Бала қорынан 88 миллион жымқырған әйел қамаудан шықты
Қызылордада кәсіпкерлерді тақырға отырғызып, балалар спортына бөлінген қомақты қаражатты қалтасына басқан айыпталушы қамаудан босатылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, бұл іс бойынша айыпталушы мен оның қорғаушысы алдыңғы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Қорғаушы тарап тағылған айыптың негізсіз екенін, істің тек куәгердің сөзіне сүйеніп қаралғанын алға тартқан. Алайда, соттың шешімін өзгертуге басқа жағдай себеп болды.
Айыпталушының кәмелетке толмаған жас балалары бар екенін ескерген қорғаушылар Қылмыстық кодекстің 74-бабын қолдануды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырып, ананың жазасын өтеу мерзімін балалары 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдыру туралы үкім шығарды. Осылайша, негізгі айыпталушы қамаудан босатылды.
Еске сала кетейік, біз осы жылдың 14 тамызында бұл шулы іс жайлы жазған болатынбыз. Мониторингтік топтың мүшесі тексеріс нәтижелерін "оң шешіп беремін" деген желеумен кәсіпкерлерден ақша бопсалаған. Нәтижесінде, "Damu Bala" платформасы арқылы өскелең ұрпақтың игілігіне жұмсалуы тиіс 88 миллион теңгеден астам қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған.
Алғашқы сот отырысында негізгі фигурант 6 жылға бас бостандығынан айырылса, оның қылмыстық іс-әрекетіне көмектескен сыбайласы 5 жылға шартты түрде сотталған еді.
Дегенмен, айыпталушы бостандыққа шыққанымен, заңсыз жолмен келген байлықтың сұрауы болды. Тергеу барысында олардың жымқырылған қаржыны заңдастыру мақсатында жылжымайтын мүлік пен қымбат көліктер сатып алғаны анықталған. Апелляциялық алқаның шешімімен Л. Бақтыбаевадан құны 17 миллион теңге тұратын су жаңа "KIA Sportage" тұлпары, 46 миллионға бағаланған зәулім үй және тінту кезінде табылған 20 миллион теңге қолма-қол ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.
Айта кетейік, Элиталық эскорт желісін ұйымдастырды деп айыпталған танымал блогер Айка(Айғаным Мырзахметова) жазасын өтеу мерзімі аяқталмаса да, осы бап бойынша бостандыққа шыққан болатын.
Соңғы жаңалықтар