Айка тізімі: Элиталық эскорт қызметін ұйымдастырған блогер бостандыққа шықты
Элиталық эскорт желісін ұйымдастырды деп айыпталған танымал блогер Айка(Айғаным Мырзахметова) жазасын өтеу мерзімі аяқталмаса да, бостандыққа шықты. Сот оған жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігін берді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Абай облысының Жарма аудандық соты осындай шешім қабылдады. Темір тордың ар жағында отырған келіншек жазасын өтеуді кейінге шегеру туралы өтініш білдірген. Фемида өкілдері оның 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар екенін, яғни аналық жағдайын ескеріп, оң қабақ танытты.
Айта кету керек, бұған дейін, нақтырағы 2025 жылдың шілдесінде сот оның жазасын жеңілдетуден бас тартқан болатын. Алайда Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер жағдайды түбегейлі өзгертті. Жаңарған заңнамаға сәйкес, жас баласы бар аналарға ізгілік таныту қарастырылған.
Сот залында прокурор да, түрме әкімшілігі де бұл шешімге қарсылық білдірмеген. Айканың түзеу мекемесіндегі тәртібі мінсіз деп танылыпты: борышы жоқ, жеңілдетілген жағдайда ұсталып келген. Енді ол алдағы 2 жыл бойы пробациялық бақылауда болады. Егер осы уақыт ішінде заң бұзбаса, жазасының қалған бөлігі қайта қаралуы мүмкін, әйтпеген жағдайда абақтыға қайта оралады.
Көпшілік Айканы Instagram желісіндегі сәнді өмірі арқылы таниды. 120 мың оқырманы бар блогер кезінде өзін табысты модель ретінде көрсетіп, қымбат көліктер мен шетелдік саяхаттарын жарнамалап келген еді. Алайда құқық қорғау органдарының дерегінше, жылтыр суреттердің астарында көлеңкелі бизнес жатқан. Ол жабық чаттар арқылы ауқатты ер-азаматтарға интимдік қызмет ұсынып, сұлу қыздарды демеуші табуға үгіттеген.
Еске сала кетейік, былтыр мамырда Алматы соты оны есірткі сақтағаны және жеңгетайлықпен айналысқаны үшін 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын.
Дегенмен бұл істің ең шулы тұсы – желіге тарап кеткен «Айканың тізімі». Онда элиталық эскорт қызметіне жүгінген танымал тұлғалар мен шенеуніктердің деректері бар делінген еді. Сол кезде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Кейіннен тергеу құжаттары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке өткені белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар