Рахат Тұрлыхановтың әйелімен жанжалы сотта қаралды: Апелляциялық шағым түсті

18.03.2026 17:20 Арман Ермеков
Рахат Тұрлыхановтың әйелімен жанжалы сотта қаралды: Апелляциялық шағым түсті
243
Фото: Әлеуметтік желі

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы әнші, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың інісі Рахат Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды Медеу ауданының прокурорына жолдаған, деп хабарлайды Politico.kz.

«Сот кабинетіндегі» деректерге сүйенсек, биылғы 15 наурызда күндізгі уақытта Достық даңғылындағы пәтерде Тұрлыханов жұбайы Алтынаймен ұрсысып қалған. Ол әйеліне тіл тигізіп, қорқытып, үйдегі тыныштықты бұзған. Сот отырысында жұбайы жанжал болғанын растағанымен, күйеуінен соққы жемегенін алға тартқан.

«Қазіргі уақытта біз татуластық, Рахат Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік істі тоқтатуды сұраймын, оған ешқандай шағымым жоқ», – деді әйелі.

Әншінің өзі де жанжал болғанын мойындап, істі жабуды сұраған. Қорғаушы адвокат бұл өтінішті қолдап, істі жабық режимде өткізуді және полицейлердің бейнежазбасын БАҚ өкілдеріне көрсетпеуді талап еткен. Судья отырысты жабық өткізуден бас тартқанымен, отбасының жеке өмірін қорғау мақсатында бейнематериалдарды жарияламауға шешім шығарды.

Алайда сот ерлі-зайыптының татуластық деген сөздеріне күмәнмен қараған. Өйткені шақыртумен келген тәртіп сақшыларының бейнежетонында әйелдің күйеуінен соққы жеп, дене жарақатын алғаны туралы айтқаны жазылып қалған. Сонымен қатар судья Тұрлыхановтың 2023 жылдың соңында да әйелін ұрғаны үшін жауапқа тартылғанын ескерді. Ол кезде де тараптар алдымен татуласып, кейін прокуратураның наразылығымен әнші 10 тәулікке қамалған болатын.

Осындай қарама-қайшылықтар мен физикалық зорлық-зомбылық белгілерінің болуына байланысты сот 16 наурызда әкімшілік істі тоқтатып, қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін материалдарды Медеу ауданының прокурорына жіберді. Ал 18 наурызда сот кабинетінде осы қаулыға қатысты апелляциялық шағым түскені туралы ақпарат пайда болды. Қазіргі кезде шағымды нақты қай тараптың түсіргені белгісіз.

Айта кетейік, алғашыда әлеуметтік желіде 15 наурыз күні Тұрлыхановтың әйелін ұрды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий