Ресей мен Украина татуласса, Астана қандай бағытты ұстанады?

Ресей мен Украина татуласса, Астана қандай бағытты ұстанады?
08.07.2025 13:52
0
541
Коллаж POLITICO.KZ (Фото: Getty Images, AFP, omsk.ru, ТАСС)

Ресей–Украина қақтығысы тоқтаса, Қазақстанның келешегі не болмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетсе Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты 1 күнде тоқтатамын деген еді. Бірақ 5 айдан асса да әлі күнге дейін соғыс әрекеттері тоқтаған жоқ. Дегенмен оның мәлімдемесі ақпараттық кеңістікте қызу талқыланды.  Егер қақтығыс аяқталса, Қазақстанның келешегі қандай болмақ? Екі елмен қарым-қатынасы өзгере ме? Релоканттар өз еліне қайта ма? Соғыс әрекеттерінің тоқтауы теңге бағамына қалай әсер етпек?

Астана «бейтарап» саясатты жалғастырады

Ресей-Украина қақтығысы бірнеше сценариймен аяқталуы мүмкін. Украина Қырым, Донецк, Луганскіні өзіне қайтаруды алдына мақсат қойған. Ал Ресей оларды өз аумағы деп есептейді. Екі жауласушы елдің келісімге келуі қиын. Сондықтан осы сценарийлердің ішінде өміршеңі «Беймәлім күйдегі қақтығыс» («Замороженный конфликт»). Бұл жағдайда қарулы қақтығыс тоқтап, уақытша келісім жасалады. Бірақ қақтығыс толық аяқталмайды. Екі тарап гибридті соғысты жалғастыра береді. 
Уақытша қарулы қақтығыс тоқтаған кезде Қазақстан қалай әрекет етеді? Бұл сұраққа жауап беру үшін Қазақстан президентінің ресми мәлімдемелерін қарау қажет. Себебі конституция бойынша еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын президент айқындайды. 
Астана 2022 жылы қақтығыс басталғалы бері «бейтарап» ұстанымын сақтап келеді. Соғыс әрекеттеріне қарамастан екі жақпен де дипломатиялық қарым-қатынасты жалғастыруда. Қақтығыс қалай аяқталса да, Қазақстан екі жақпен де байланысты үзбейді. Бірақ бұл өз пікіріміз жоқ дегенді білдірмейді. 
2022 жылы 17 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейде Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысып, Владимир Путиннің көзінше бірнеше маңызды әрі батыл мәлімдеме жасады. Бұл форумдағы Тоқаевтың сөздері Ресей мен Қазақстан қарым-қатынасы, Украинадағы соғыс және квазимемлекеттік бірлестіктер туралы көзқарасын ашық айтқан сәттердің бірі ретінде тарихта қалды. 
Президент Донецк және Луганск секілді квазимемлекеттік бірлестіктерді Қазақстанның мойындамайтынын, Ресейге қарсы салынған санкция режимін бұзбайтынын, Еуразиялық интеграция тек экономикалық сипатта болатынын, сондай-ақ елімізге қарсы Ресей медиасында айтылып жүрген достыққа жат көзқарастарға наразылығын білдірді. Астананың Донецк пен Луганскіні мойындамау арқылы Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын астыртын жеткізді. 
Бұл мәлімдемелер Қазақстанның Ресеймен стратегиялық қарым-қатынастан бас тартқанын білдірмейді. Себебі 2024 жылы қарашада Ресей президенті В. Путиннің елімізге мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында стратегиялық әріптестік жалғасатыны мәлімделген.  Былтырғы мемлекеттік сапар өте маңызды. Өйткені В. Путин наурыз айында қайта сайланғаннан кейінгі елімізге жасаған алғашқы сапары еді. 

Релоканттардың тағдыры не болмақ?

2022 жылы 21 қыркүйекте Ресейде мобилизация басталды. Бұл ресейліктердің өзге елге кетуіне түрткі болды. Мигранттардың бір бөлігі Қазақстанға да келді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2022 жылдан бері қарай Ресейден келген адамдардың саны артқан. 2021 жылы 3 456 адам келсе, 2022 жылы 5 891-ге өскен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш екі есе өсіп, 11 711-ге жеткен. 2024 жылы олардың саны 7 984-ке азайған. Дегенмен соғыс басталғанға дейінгі көрсеткіштен әлі де жоғары. 
Егер қарулы қақтығыс аяқталса, Қазақстандағы релоканттардың жағдайы не болмақ? Біздің ойымызша олардың Ресейге қайтуы екіталай. Себебі көрші елдің заңнамасына сәйкес мобилизациядан жалтарғаны үшін әкімшілік не қылмыстық іс қозғалады. 
Сонымен қатар, қарулы қақтығыс аяқталса да, екі елдің қарым-қатынасы түзелмейді. Кез келген уақытта қақтығыс қайта басталуы мүмкін. Сондықтан релоканттар мұндай тәуекелді де ескеруі мүмкін. Қала берді, Ресей 2024 жылдан бері миграциялық саясатты қатаңдатуда. Бұл саясат өзге елден келетіндерді ғана емес, мемлекеттен тысқары кететіндерді де бақылау механизмі болуы мүмкін. Осылайша Мәскеу мобилизациядан кейінгі тәжірибені ескерген секілді. 

Рубльдің теңгеге әсері азаймайды

Қазақстан шикізат экспорттайтын мемлекет болғандықтан теңгенің бағамына ішкіге қарағанда сыртқы фактор көбірек әсер етеді. Шикізаттың ішінде мұнай ел бюджетінің негізгі бөлігін қалыптастырады. Сондықтан әлемдегі мұнай бағасының өзгерісі теңгеге басты әсер етуші фактор. 
Теңге бағамына АҚШ долларының күшеюі мен әлсіреуі де тікелей әсер етеді. Егер әлемде доллар күшейсе теңге әлсірейді. 
Бұдан бөлек Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі геосаяси текетіреске түссе теңге әлсірейді. Мұны біз Ресей рублінен байқаймыз. Украинамен қақтығыс және батыс санкциялары рубльді әлсіретті. Ол өз кезегінде теңгеге әсер етті. Қақтығыс басталғаннан кейін бірнеше ай теңге күшейді. Алайда Ресейдің Ұлттық банкінің саясаты мен релокация үдерісі теңгенің рубльге шаққандағы курсын әлсіретті. Себебі Қазақстанға тек Ресей азаматтары ғана емес, капитал және бизнес те көшіп келді. 
Жалпы алғанда Ресей-Украина қақтығысы бәрі болжағандай рубльдің теңгеге шаққандағы бағамын әлсіретпеді. Керісінше рубль күшейді. 2022 жылы қаңтарда 1 рубль орташа алғанда 5.7 теңге еді. Ал 2025 жылы шілдеде 6.6-ға өсті. Рубльдің АҚШ долларына шаққандағы курсы да бәрі ойлағандай әлсіремеді. 2022 жылы қаңтарда 1 доллар 74-78 рубль аралығында болса, 2025 жылы шілдеде 78 рубль деңгейінде қалды. 
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Қақтығыс Ресейдің Қазақстанға экономикалық қысымын арттырды. Себебі ЕАЭО мүшесі, сондай-ақ релокация да әсер етті. ЕАЭО саяси тәуекелі басым ұйым болса, релокация азаматтық фактор болғандықтан экономикалық экспансияға келмейді. Алғашқысы қарулы қақтығыс аяқталса да еліміздің экономикасына, теңгеге кері әсер ете бермек. Ал Ресейден көшкен капитал соғыс аяқталса да теңгеге кері әсер етуі мүмкін. Егер капитал инвестиция ретінде елімізде қалса экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий