Ресей Қазақстаннан бензин сұраған ба – министр жауап берді

26.06.2026 12:09 Әсел МҰРАТ
Ресей Қазақстаннан бензин сұраған ба – министр жауап берді
207
Фото: ашық дереккөз

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстаннан Ресейге бензин экспортталуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Парламент кулуарында журналистер министрден Ресей тарапы Қазақстаннан бензин сатып алу туралы өтініш білдірді ме деген сауал қойды. Сондай-ақ БАҚ-та тараған 50 мың тонна жанармай жеткізілуі мүмкін деген ақпараттың қаншалықты рас екенін сұрады.

Министрдің айтуынша, Ресейден бұл мәселеге қатысты ресми өтініш түспеген.

«Ресей тарапынан бізге ресми түрде ешқандай сұраныс келген жоқ. Қайтадан атап өтемін, мұндай ресми өтініш болған емес», – деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар журналистер Ресей ресми түрде өтініш жасаса, Қазақстан жанармай экспорттау мүмкіндігін қарастыра ма деген сұрақ қойды. Министр мұндай жағдайда өтініш қолданыстағы заңнама мен белгіленген тәртіпке сәйкес қаралатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензин сатып алу бойынша келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Мәскеу бұл қадам арқылы ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын төмендетуді көздеп отыр деген мәлімет жарияланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий