Ресейде Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов ұсталды

Ресейде Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов ұсталды
17.04.2025 12:09
0
317
Коллаж POLITICO.KZ
Украинамен шекарадағы бекіністер үшін бөлінген қаржы ұрланған

Ресейде Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫНА сілтеме жасап.

Ресей Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волктың айтуынша, Смирнов Украинамен шекарада қорғаныс бекінісін салу кезінде 1 миллиард рубльді жымқырды деген айыппен тергелуде.

Мәскеу соты Смирновты қамауға алу туралы шешім шығарған. Алайда экс-губернатор өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

"Ведомости" дерегінше, сәрсенбі күні таңертең оның үйінде тінту жүргізілген. Осы іс аясында Смирновтың бұрынғы бірінші орынбасары Алексей Дедов та ұсталды.

Ақпарат көздерінің жазуынша, бұл іс "Курск облысының даму корпорациясының" бұрынғы бас директоры Владимир Лукинге қарсы қозғалған қылмыстық іспен байланысты болуы мүмкін. Ол да шекара маңында қорғаныс нысандарын салу кезінде ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталған болатын.

Айта кетейік, 2024 жылдың тамызында Украина Қарулы күштері Курск облысының бірнеше бөлігін басып алып, бірқатар аумақты бақылауға алған. Қазіргі уақытта да Украина әскері кейбір аймақтарға үстемдік жүргізіп отыр.

Смирнов 2023 жылдың мамыр айында Курск облысының губернаторы міндетін уақытша атқара бастаған. Украинамен шекарадағы қақтығыстарға қарамастан, сол жылдың қыркүйегінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, ресми түрде губернатор атанған. Алайда желтоқсан айында ол "өз еркімен" отставкаға кеткен. Оның орнына Мемлекеттік дума депутаты Александр Хинштейн тағайындалған еді.

Хинштейн губернатор болғаннан кейін қорғаныс құрылыстары кезінде қаржы жымқыру фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдарының мәліметінше, бұл алаяқтық әрекеттердің салдарынан мемлекетке 800 миллион рубль көлемінде залал келген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий