Риддер қаласының бұрынғы әкімі 7 жылға сотталды
Риддер қаласының бұрынғы әкімі бюджет қаржысын жымқырғаны үшін жеті жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Риддер қаласының экс-әкімі Дәулет Батырбаевқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бұрынғы шенеунік ірі көлемде ақша жымқырды және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырды деген айыппен бас бостандығынан айырылды.
Тергеу материалдарына сәйкес қылмыстық іс Дәулет Батырбаев «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» акционерлік қоғамын басқарып тұрған кезеңге қатысты қозғалған. Ол сыбайластары Ю.Халитов және Н.Папышевпен бірлесіп мемлекет қазынасына қол сұққан. Сот үкімімен үшеуі де 7 жылға темір торға тоғытылды. Сондай-ақ олардың қылмыстық жолмен алған мүлкі тәркіленді. Оның ішінде тұрғын үйі бар жер учаскесі мен арнайы автокөтергіш техника мемлекет меншігіне өтті.
Қаржылық былық 2019 жылы басталған жоба аясында жүзеге асқан. Сол жылы Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарығы жүйелерін жаңғырту жоспарланған болатын. Мақсат ескі жарықтандыру құралдарын энергия үнемдейтін заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстыру еді. Алайда сотталғандар жұмыс құны мен құрылғылардың бағасын қолдан өсіріп көрсеткен. Нәтижесінде бюджетке 320 миллион теңге көлемінде залал келтірілді.
Олар жымқырылған қаражатты заңдастыру үшін арнайы схема құрған. Экс-басшы сенімді адамның атына серіктестік тіркеп оны қосалқы мердігер ретінде пайдаланған. Жалған келісімшарттар жасау арқылы ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдырып отырған.
Айта кетейік Дәулет Батырбаев Риддер қаласының әкімі қызметінен кеткен соң 2024 жылдың шілдесінде қамауға алынған еді. Биыл шілдеде өткен сот отырысында оған және бір сыбайласына 8 жыл жаза кесілген болатын. Алайда олар апелляциялық шағым түсіріп жаза мерзімін 7 жылға дейін қысқартты. Тергеу барысында бұрынғы шенеунік өз кінәсін мойындаудан бас тартты.
Батырбаев Дәулет Бахитұлы - 1976 жылы Семейде дүниеге келген. Еңбек жолын жеке секторда бастап кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. Әр жылдары Ұлан және Бесқарағай аудандарын басқарды. Риддерге әкім болмас бұрын Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болған.
Соңғы жаңалықтар