Rolls-Royce пен 19 миллиард теңге: «Актив Ломбард» иесі Сергей Койновқа қатысты тергеу аяқталды

09.02.2026 11:22 Арман Ермеков
Rolls-Royce пен 19 миллиард теңге: «Актив Ломбард» иесі Сергей Койновқа қатысты тергеу аяқталды
281
фото-коллаж: politico.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі танымал блогер әрі кәсіпкер Сергей Койнов пен оның сыбайластарына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Актив Ломбард» желісінің иесі заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу дерегінше, Койнов комиссиялық дүкендер арқылы халыққа жасырын түрде микрокредит беру жүйесін ұйымдастырған.

Ол заңсыз әрекетін жасыру үшін «One Billion Sales», «The Best Seller» және «Shark in Sales» сияқты бірнеше серіктестік құрған. Бұл компаниялар «Актив Маркет» брендімен жұмыс істеп, мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен қарыз беріп келген. Комиссиялық дүкендер ломбард бөлімшелерімен бір ғимаратта орналасқан, ал клиенттерге бір қызметкерлер қызмет көрсеткен.

ҚМА айтуынша, несие пайызы заңды нормадан (0,3%) бес есе асып, күніне 2 пайызға дейін жеткен. Нәтижесінде 1,9 миллионнан астам келісімшарт жасалып, қылмыстық кіріс көлемі 19 миллиард теңгеден асқан.

Ол үшін байланысы бар компаниялармен жасалған жалған шарттар, сондай-ақ банктік шоттар арасында ақшаны бірнеше рет аудару арқылы кейіннен дивиденд түрінде шығару пайдаланылған. Осы тәсілмен 5 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған.

Сонымен қатар, С.С. Койнов бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу саласында формалды түрде қызмет көрсеткен «Zeus Co» ЖШС-ін тіркеген. Бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу қызметтері көрсетілді деген желеумен байланысы бар компаниялармен құны асыра көрсетілген шарттар жасалып, нәтижесінде «Zeus Co» ЖШС шоттарына 2,5 млрд теңге түскен, оның 2,2 млрд теңгесі С.С.Койновқа дивиденд түрінде аударылған.

Сот санкциясымен жалпы құны 8,9 миллиард теңге болатын мүлік бұғатталды. Тәркіленуі мүмкін дүниелердің тізімінде:

  • Астанадағы 4 пәтер және 2 тұрғын үй;
  • Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 4 апартамент;
  • Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8 сынды 6 қымбат автокөлік;
  • Депозиттегі 2,7 миллиард теңге.

Қазір Сергей Койнов қамауда отыр. Оның төрт сыбайласы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Еске салайық, Койнов әлеуметтік желіде өзін табысты инвестор әрі меценат ретінде көрсетіп, танымал болған еді. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі аталған ұйымдардан несие алған азаматтар артық есептелген пайыздарды төлеуге міндетті емес екенін ескерткен болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий