Сәпиев жаңа қызметке келді

03.02.2026 13:00 Әсел Мұрат
Сәпиев жаңа қызметке келді
245
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Серік Сәпиев

Серік Сәпиев туризм және спори министрінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – жазғы ХХ Азия ойындарына дайындық штабының спорт бойынша үйлестірушісі болды. 

Министрліктің мәліметінше, бұл шешім былтыр күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында көзделген ротация аясында қабылданды.

Серік Сәпиев туралы

Серік Сәпиев — бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің президенті.

Штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері және спорт саласының ардагерлері енді. Олар дайындықтың әрбір кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, биылғы жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Оның 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында, ал 39-ы аралас санатта ойнатылады. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері енген.

Айта кетейік, бүгін Серік Сәпиев пен оның орынбасары өз еркімен қызметтерінен кеткен еді.

Еске сала кетсек, 21 қаңтар күні Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Кейін әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тараған еді.

Кейіннен осыған қатысты мәлімдеме жасаған Серік Сәпиев те көпшіліктің алдына шығып, өз шындығын айтты. Олимпиада чемпионының мәлімдеуінше, оның орынбасары Дәурен Есімхановпен болған жанжал жеке немесе тұрмыстық сипатта болмаған.

«Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді», - деді Сәпиев.

Оның орынбасары Дәурен Есімханов та болған оқиғадан кейін мәлімдеме жасап, көпшілікті арандатуға ермеуге шақырды.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуді сұраймын», - деп жазды Есімханов өзінің парақшасында.

Кейіннен бұл мәселеге облысы әкім араласты. 

«Аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық кеңес барысында.


 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться



Войдите, чтобы оставить комментарий