Сәпиевке қатысты жанжал: мәселеге облыс әкімі араласты

26.01.2026 12:58 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
Сәпиевке қатысты жанжал: мәселеге облыс әкімі араласты
239
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Ермағанбет Бөлекпаев

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бөлекпеав аталған мәселеге қатысты асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға беріледі.

«Тәртіп бұзушылық бар, және ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар заң талаптарына қатаң сәйкес, үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: аталған жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі уақытта оқиға фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі», – деді өңір басшысы аппараттық кеңес барысында.

Облыс әкімі барлық мемлекеттік қызметшінің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажеттігіне ерекше назар аударды.

«Қоғамдағы кез келген келіспеушілік пен жұмыс барысындағы даулы мәселелер тек құқықтық алаңда шешілуі тиіс. Әрбір басшы ұжымдағы тәртіпке, заңның сақталуына және мемлекеттік органның беделіне жеке жауап береді. Мұны баршаңыз естен шығармауларыңыз қажет», – деп түйіндеді Ермағанбет Бөлекпаев.

Еске сала кетсек, 21 қаңтар күні Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары, танымал самбошы Дәурен Есімхановтың арасында жанжал шыққан. Кейін әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тараған еді.

Күні кеше осыған қатысты мәлімдеме жасаған Серік Сәпиев те көпшіліктің алдына шығып, өз шындығын айтты. Олимпиада чемпионының мәлімдеуінше, оның орынбасары Дәурен Есімхановпен болған жанжал жеке немесе тұрмыстық сипатта болмаған.

«Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді», - деді Сәпиев.

Оның орынбасары Дәурен Есімханов та болған оқиғадан кейін мәлімдеме жасап, көпшілікті арандатуға ермеуге шақырды.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда. Арандатуға ермей, жағдайды ушықтыруға бағытталған әрекеттерге жол бермеуді сұраймын», - деп жазды Есімханов өзінің парақшасында.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий