Сарапшы: Парламенттің әрбір олигархиялық топ өз адамын орналастыратын саяси "Нұх кемесіне" айналу қаупі бар
Ең басты мақсат – заң шығару процесінің сапасын арттырып, саяси мінберде өркениетті деңгейде пікір сайыстыра алатын, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, дербес ұстанымы бар ең кемі оншақты тұлғаның келуі. Депутаттардың сапасы олардың жас ерекшелігімен емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаудың тереңдігімен бағалануы керек, деп мәлімдеді сарапшы, экономист Ануар Нуртазин Politico.kz тілшісіне.
«Меніңше, алдағы саяси науқанның басты көрсеткіші кандидаттар тізіміндегі жаңа есімдердің санымен өлшенбеуі тиіс. Ең маңыздысы – Қазақстан шынайы мағынадағы дербес заң шығарушы билікке қол жеткізе ала ма, әлде ескі әдіс-тәсілдерді жаңа форматқа салып, оны "жаңару" деп алданамыз ба? Ведомство атауын өзгертіп, ережелерін жаңарту қиын емес. Бірақ саяси сана-сезім өзгеріске ұшырамаса, сыртқы реформалардан ешқандай қайыр болмайды. Қазіргі таңда елге жоғарыдан түскен бұйрықтарды бас шұлғып мақұлдайтын, тек декорация рөлін атқаратын орган емес, нақты саяси жауапкершілікті сезінетін Парламент ауадай қажет. Сайлау алдында халықшыл болып көрініп, мандатқа ие болған соң жұмған аузын ашпайтын депутаттардың дәуірі келмеске кетуі тиіс. Ең басты мақсат – заң шығару процесінің сапасын арттырып, саяси мінберде өркениетті деңгейде пікір сайыстыра алатын, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, дербес ұстанымы бар ең кемі оншақты тұлғаның келуі. Депутаттардың сапасы олардың жас ерекшелігімен емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелерді талқылаудың тереңдігімен бағалануы керек», – дейді Ануар Нуртазин.
Экономист алпауыт топтардың мүддесін күйттеп, халықтың мұң-мұқтажына селқос қарайтын заң шығарушы органның дәуірі өткенін, елге мұндай форматтағы Парламенттің керегі жоқ екенін алға тартты.
«Жаңа есімдердің пайда болуы автоматты түрде жаңа саясаттың басталуын білдірмейді. Әсіресе, "жастарға жол беру" ұранының тасасында бұрыннан таныс саяси және экономикалық элита өкілдерінің перзенттері мен туыстары кезекке тұрса, бұл буын алмасуы емес. Саяси реформалардың орнына ықпал мен байлықтың әулет ішіндегі кезекті ротациясы ғана орын алады. Кеше әкесінің атағымен есік ашқандардың орнын бүгін баласы басса, бұл жаңа дәуірдің белгісі емес. Мемлекетке жас төлқұжат емес, жаңаша ойлайтын сана керек. Сонымен қатар, Парламенттің әрбір олигархиялық топ өз адамын орналастыратын саяси "Нұх кемесіне" айналу қаупі бар. Бірақ бұл институттың міндеті – ықпалды әулеттерді саяси дауылдардан аман алып қалу емес. Парламент белгілі бір топтардың мүдде квотасына айналған сәтте, "халық билігі" деген ұғым құнсызданады. Қазақстанға мынадай теңгеріммен құралған органның керегі жоқ: бірі – бизнестің, екіншісі – шенеуніктердің, үшіншісі – аймақтың, төртіншісі – алпауыт отбасылардың мүддесін күйттеп, ал бесіншісі тек билбордтағы әдемі суреті үшін отыратын болса, бұдан ештеңе ұтпаймыз. Мұндай "мінсіз баланстың" ішінде тек қарапайым бұқараның мүддесіне орын табылмай қалатыны өкінішті. Парламенттегі ең үлкен үлес халықтың өзіне тиесілі болуы шарт», – деп қосты Ануар Нуртазин.
Экономист Мәжіліс төрағасы лауазымына тек бұйрық орындаушы емес, билікпен де, бұқарамен де тең сөйлесе алатын нағыз тұлға келуі тиіс екенін алға тартты.
«Мәжіліс төрағалығына қатысты нақты есімдерді атаудан аулақпын. Себебі спикер мәселесі – жеке адамның емес, алдағы уақытта құрылатын билік вертикалі мен оның конструкциясының мәселесі. Егер билік аппараты тек бұйрық орындайтын, жүйенің ішінен шыққан тұлғаны таңдаса, бұл биліктің тек бақылау мен ескі сабақтастықты сақтағысы келетінін білдіреді. Ал егер халыққа танымал, жария саясаткер келсе, бұл Парламенттің дербес, шынайы пікірталас алаңына айнала бастағанының белгісі болмақ. Егер Мәжіліс төрағасының функциясы тек сөз беру, микрофонды өшіру және регламентті бақылаумен шектелсе, бұл лауазымның мемлекеттік салмағы жойылады. Ол – билікпен де, бұқарамен де тең дәрежеде тіл табыса алатын, аймақтармен және халықаралық серіктестермен иық тіресе жұмыс істей алатын ұлттық ауқымдағы ірі тұлға болуы шарт. Спикердің беделі креслоның мәртебесінен емес, сол орында отырған тұлғаның саяси және интеллектуалдық салмағынан туындауы тиіс», – деп қорытты сөзін сарапшы.
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда айтулы саяси оқиға – І шақырылымдағы Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны өтеді. Бұл дауыс берудің нәтижесінде еліміздің жаңадан жасақталатын бір палаталы заң шығарушы органының (Құрылтайдың) 145 депутаты анықталуы тиіс. Сайланатын халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі бес жылға созылады.
Бұл тарихи шара – Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау ретінде шежіреге енбек. Сонымен қатар, бұл науқан 2026 жылғы конституциялық референдумда мақұлданған Жаңа Конституция негізінде жасақталатын Құрылтайдың алғашқы сайлауы ретінде ерекшеленеді.
Айта кетейік, аталған конституциялық өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеде ресми түрде күшіне енді. Осы сәттен бастап Құрылтай еліміздің бұған дейінгі қос палаталы Парламентінің орнын басып, заң шығарушы жоғары орган қызметін атқарады.
Соңғы жаңалықтар